Оралда өз кабинетінде мемлекеттік қызметші асылып қалды
БҚО кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары Хасен Тоясов өзінің жұмыс кабинетінде өлі табылды. Алдын ала болжам бойынша жұмыс орнында өзіне-өзі қол жұмсады.

Хасен Тоясовтың денесі кеше, 5 наурызда кәсіпкерлік басқармасының әкімшілік ғимаратындағы қызметтік кабинетінде табылды. Полицияға хабарлама шамамен сағат 21:00-де келіп түсті. Өлімнің алдын ала себебі – механикалық асфиксия (тұншығу). Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Қаза тапқан адамның денесінде зорлықпен өлтірілген іздер табылған жоқ.
Қазіргі уақытта өзіне-өзі қол жұмсаудың себептері туралы ақпарат жоқ. Полиция оқиға орнында қандай да бір жазбаларды таппады.
Полиция «Өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Хасен Тоясов туралы ол 30 жаста. Үйленген. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің түлегі. 2010 жылы ол осы университетті «Құрылыс» мамандығы бойынша бітірді. 2011-2016 жылдары кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы болып жұмыс істеді. 2016-2018 жылдар аралығында осы басқармада бөлім басшысы қызметін атқарды. 2018 жылдың маусым айында Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының талдау және бақылау бөлімінің бас инспекторы болды. 2018 жылдың қазан айында БҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалды.
