БҚО жол апатынан 6 оқушы зардап шекті
Көлік жүргізушісі көлікті басқара алмай, машинаның аударылуына жол берді. Бір оқушы ауруханаға жатқызылды, оның жағдайы өте ауыр. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

-Ағымдағы жылдың 20 сәуірінде «Чапаево-Сайхин» тас жолының 121 шақырымында «Лада Ларгус» а/к жүргізушісі рульдік басқаруды игере алмай көлігін аударып алды. Рөлде БҚО, Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылындағы № 3 жалпы білім беретін орта мектебінің оқушысы болған. Сондай — ақ, автокөлікте Жаңақала ауылындағы № 3 жалпы орта білім беретін мектептің 11 сыныбының 5 оқушысы болған,-деп хабарлады БҚО ІІД баспасөз қызметінің қызметкері.
Баспасөз қызметінің айтуынша, оқушы үлкен ағасынан автокөлік кілтін сұрап алып, сыныптастарымен бірге қызғалдақ теруге шыққан. Кері жолда ЖКО болған. Нәтижесінде оқушылар түрлі жарақат алып, бір оқушы ауруханаға жатқызылды. Аталған факті бойынша ҚК 345-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
– Жедел жәрдем пультіне шақырту 19.20-да келіп түсті. Медициналық көмек 2002 жылғы қызға қажет болды. Ол Жаңақала аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Түнде қаладан дәрігерлер құрамына, нейрохирург, хирург, реаниматолог кірген, санавиация шақырылып,операциясы жасалды. Зардап шеккеннің жағдайы өте ауыр,-деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сакпусунова.
Жол-көлік оқиғасы туралы ақпарат оқиға болған жерде алғашқы сағатта болған БҚО блогері Айболат Бөкеновтың арқасында таралды. Оның айтуынша, көлік қазір зейнеттегі полиция офицері Сатыбалды Бердығалиевке тиесілі. Рульде полицейдің ұлы болған.
Маргарита Зябчук