Оралда заңсыз орнатылған дүңгіршектер бұзылуда
Қазіргі таңда Евразия даңғылыңдағы, «Астана» сауда үйінің ауданындағы және «Юбилейная», аялдамасындағы дүңгіршектер алынды, олар мемлекет меншігіндегі жер құқығын бұзған.

«Барлық меншік иелері белгіленбеген орындарда сауда жасауға және мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз басып алуға қатысты хабарлама алды. Егер кәсіпкерлер мерзімі аяқталғанға дейін заңсыз орналасқан жерден дүңгіршектерді шығармаса, онда сауда павильондары айыппұл тұрағына алынады», — деп хабарлады БҚО Аймақтық коммуникация қызметінің маманы Айша Кемешова Инстаграмм парақшасында.
Жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Мирас Мұхитовтың айтуынша, санитарлық талаптарды бұзғаны үшін қала тұрғындарының шағымдары негізінде «City center»аялдамасындағы үш дүңгіршек жабылды.
– Тексеру барысында сауда павильондары заңсыз орнатылғаны анықталып, иелеріне хабарлама жіберілді. Кезекті шаралардың нәтижесінде иелері өз еркімен екі дүңгіршекті алып кетуді жөн көрді, ал біреуі мәжбүрлі түрде бұзылды. Қазіргі уақытта заңсыз орнатылған дүңгіршектерді шығару жұмыстары жалғасуда, — деді Мирас Мұхитов.
РСК хабарлағандай, қазір «Мирлан» базарының, сондай-ақ Досмұхамедов, Кердері, Молдағалиев және Ахмиров көшелерінің сауда павильондарының меншік иелерімен заңсыз орнатылған дүңгіршектерді ерікті түрде бұзу туралы әңгіме жүргізіліп жатыр.
Маргарита Зябчук