«Орал апталығы» газетінің бас редакторына Әбділдә Мұқашев атындағы сыйлық табыс етілді
Марапаттау 26 маусымда Алматыда өтті. Онда 2019 жылғы Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаттарын да құттықтады.
Сыйлықты Лұқпан Ахмедьяровқа «Ақ Жайық» газетінің бас редакторы Азамат Майтанов табыс етті.
— Биылғы жылы Қазақстан журналистер одағы мен «Ақ Жайық» газетінің редакциясы бірлескен сыйлықты құрды. Бүгін Алматыда бұл сыйлықты өз әріптесім, «Орал апталығы» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяровқа тапсырамын, — деп жазды Facebook-тегі өзінің парақшасында Азамат Майтанов.
Қазақстан журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев салтанатты рәсімде алғаш рет «Ақ Жайық» газетінің негізін қалаушы және бас редакторы Әбділдә Мұқашев атындағы сыйлық табысталатынын атап өтті.
— Бұл сыйлықты Лұқпан Ахмедьяров алуы керек деген бір ауыздан пікір болды, – деді Сейітқазы Матаев.
Сондай-ақ фотожурналист Рахымбай Ханалы атындағы Қазақстан журналистер Одағының арнайы сыйлығы Қазақстан қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің фототілшісі Думан Құрманғалиевке табыс етілді. Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаттары: Евгения Бодрова, Асылхан Мамашұлы, Гүлайым Шынтемірқызы, Фархат Әбілов, Татьяна Мороз, Александр Мироглов, Зейнолла Абажан, Ирина Осипова, Константин Вишниченко, Вячеслав Абрамов.
Мария Драчева