Оралда қыз баланы қағып кеткен жүргізушіні түнде ұстады. Ол машинасын саяжай алқабына тығып қойған (ФОТО)
Полиция 20 қараша күні кешке Орал қаласының 7 шағын ауданындағы жаяу жүргіншілер жолында 10 жасар қызды қағып кеткен жүргізушіні анықтап, ұстады. Ол бұрын сотталған, 33 жастағы ер адам болып шықты.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде автокөлік анықталып, 1986 жылы туылған жүргізуші ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамалды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе көлік құралдарын жүргізуші адамдардың көлік құралдарын пайдалану)», — делінген полицияның баспасөз хабарламасында.

— Жол-көлік оқиғасы орын алған жерден көлік айнасының жарықшақтары табылды, соның арқасында біз машинаның түсі мен маркасын анықтай алдық. Бірнеше сағат бойы біз машинаны бүкіл қала бойынша іздедік. Автоіздеу бойынша сипаттамасына келетін жасыл түсті 698 Ауди автокөлігін тапттық. Шамамен түнгі сағат 02.00-де жасыл түсті Ауди автокөлігімді айдап кетті деп, бір автокөлік иесі жүгінді. Алайда кейін ол баланы қағып кеткенін мойындады. Ол «Жұлдыз» шағын ауданындағы саяжай алқабына жасырған машинаны көрсетті. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оны наркологияда тексерді, жүргізуші сау болды, — деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Манарбек Нажиев.


Оның айтуынша, жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша — 345 «Адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» (5 жылға дейін бас бостандығынан айыру) және ҚР ҚК 347 бабы «ЖКО орнын қалдыру» (2 жылға дейін бас бостандығынан айыру) бойынша тергеу басталды.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қараша күні кешкі сағат 20:45-те Орал қаласының 7 және 9 шағын аудандары арасындағы көшеде 10 жасар қыз автокөлік дөңгелегінің астына түскен болатын. Алған жарақатынан ол оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші оқиға орнынан бой тасалаған. Бала спорттық жаттығулардан әжесімен бірге келе жатқан. ЖКО жүргіншілер жолында орын алған.

