Жол-көлік оқиғасында қаза болған қыздың мәйітін мәйітхана қызметкерлері шатасып басқа адамдарға беріп жіберген
Оралда жол-көлік оқиғасынан қаза болған 10 жасар Айарудың ата-анасы мәйітханадан қыздарының денесін алып кете алмады. Мәйітхана қызметкерлері қателесіп, қыздың мәйітін осындай қызды жерлеп жатқан Сайхын ауылына жіберген.
Бұл туралы «Орал апталығының» тілшісіне Айарудың әкесі, Асылхан Қазиев мәлімдеді.
– Біз қызымызды жерлеуге дайындалудамыз. Бүгін түстен кейін мен мәйітханаға қызымның денесін алып кетуге келдім. Мәйітхана қызметкерлері менің құжаттарымды қарап қызымның денесі жоқ, оны алып кетті деп, мәлімдеді. Жағдайды анықтау үшін бірнеше минут қажет болды. Сайхындағы басқа отбасы да осындай қайғыға ұшырап, олар да қыздарын ертең жерлейді екен. Бүгін маған дейін екі сағат бұрын мәйітханадан өз балаларының денесін алуға келгенде, қателесіп оларға біздің Айарудың денесін беріп жіберген. Сіз біздің осы сәтте не кешкенімізді білсеңіз ғой. Біз қызымның денесін алып кеткен адамдармен әзер дегенде байланысқа шықтық. Олар бұл уақытта Жаңақала ауданының Мәштексай ауылының тұсынан өтіп бар жатыр екен. Бұл адамдарға да жай түскендей болды, қазір бұрылып, Оралға кері келе жатыр. Мен жеке өзім мәйітхана қызметкерлерінің салғырттығына қатты күйіндім, – деді Асылхан Қазиев «Орал аптасының» тілшісімен сөйлескенде.
Естеріңізге сала кетейік, 10 жасар Айару 20 қарашада жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан кезде көлік дөңгелегінің астында қаза тапты. Ол карате секциясынан әжесімен бірге келе жатты. Қызды қағып кеткен Ауди жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция қызметкерлері оны бірнеше сағаттан кейін анықтап, ұстады.
Айару қаладағы танымал музыкант Асылхан Қазиевтің үлкен қызы және облыстық филармонияның күйшісі және әртісі Ермек Қазиевтің немересі болып табылады.