Оралда автобустарға бөлінген жолақтар дау тудырды. Неге осылай болды? (БЕЙНЕ)
Орал қаласында Назарбаев даңғылында (бұрынғы Достық даңғылы) автобустар қозғалысы үшін арнайы жолақ пайда болды. 28 қарашадан бастап онымен жүргені үшін полицейлер жүргізушілерге айыппұл салады.

Қоғамдық көлік қозғалысына арналған жеке жолақ Маметова көшесінің қиылысынан (бұрынғы Мир көшесі) Молдағалиев көшесінің қиылысына дейін. Автобустарға арналған жолақ немесе оны Busline деп те атайды, асфальт үстінде «А» әрпімен және тұтас сызықпен белгіленеді. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бизнес кеңесші, азаматтық белсенді Арман Рысқалиев қала билігінің қоғамдық көлік үшін жеке жолақтар бөлу туралы шешімімен келіспейді.
— Барлық нормативтер бойынша, жолдың бір учаскесінде сағатына 40 автобус жүктелгенде жеке жолақ бөлінеді. Ал бізде мұндай жүктеме жоқ. Қала тұрғындарының ыңғайлылығы үшін осындай шешімді қабылдай отырып, әкімшілікте Оралдықтармен кеңесу керек еді, бірақ бұл жасалмаған. Мен осы жобаның экономикалық негіздемесі туралы әкімдіктен сұрадым,бірақ маған ешкім ешнәрсе көрсетпеді, бәрі үнсіз, ешкім жауап бермеді, – дейді Арман Рысқалиев.
Арман Рысқалиев мұндай шешімді мерзімінен бұрын деп есептейді.
– Алдымен трафикті, бағдаршам жұмысын реттеп, автобус жүргізушілерін тәртіпке келтіру керек, содан кейін жеке жол туралы да ойлауға болады, — деді Арман Рысқалиев.
«Орал апталығының» редакциясына, көлік жүргізушілерден басқа көшеге бұрылу кезінде немесе тұрғын үй ауласынан шыққан кезде, ол жерде қоғамдық көлік үшін тұтас жолақ жатса не істейміз деген көптеген қоңыраулар келіп түсті?
Бұл қалай жұмыс істейді?
Бұл туралы БҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы хабарлады.:
— Қоғамдық көлік үшін бөлінген жолақтарға көлденең жол таңбаларымен белгіленген жерлерде жеке автомобильдер кіре алады. Әңгіме тұтас сызықтың жанында пунктирмен белгі қойылған арнайы орындар туралы болып отыр. Атап айтқанда, автомобиль жол қиылысының алдында, егер ол оңға бұрылуы қажет болған жағдайда, автобустарға арналған жолаққа ие бола алады. Сондай — ақ, машиналарға тұрғын үй ауласынан шығу немесе кету керек жерлерде пунктирлік желілер бар, – деді БҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Сергей Асанов.
«Маршруттық автобустардан басқа бөлінген жолақты құрылыс, жөндеу немесе жинау жұмыстарын орындау кезінде сарғыш немесе сары түсті жарқылдауық маягі қосылған жедел және арнайы қызметтердің көлік құралдарының жүргізушілері, жедел қимылдау топтарының, жеке күзет ұйымдарының, жолдағы көліктік бақылау органдарының жылжымалы бақылау – өткізу пункттерінің жүргізушілері пайдалана алады. Бөлінген жолақта аялдауға және тоқтап тұруға тыйым салынады»,-делінген полицияның баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ, полиция алдағы бейсенбіден бастап, 28 қарашадан жеке көлік құралдарының жүргізушілері автобустарға арналған жолақпен қозғалатын болса, айыппұл салынатынын ескертеді. Айыппұл мөлшері 3 АЕК (7 575 теңге) және жол таңбалары немесе белгілер ережелерін бұзу ретінде түсіндіріледі, бірінші құқық бұзушылықтан кейін бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұл сомасы 10 АЕК (25 250 теңге) дейін артады.
Мария Драчева
Бейне: Нұрлыбек Емранов