Қазақстанның екі азаматында коронавирус анықталды
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

– Азаматтар Германиядан келді. Оларды бірден Алматыдағы инфекциялық стационарға орналастырған. Бұл адамдардың клиникалық белгілері жоқ, өзін жақсы сезінеді. Барлық қажетті шаралар қабылдануда, – деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Естеріңізге сала кетейік, 10 наурызда еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин ғалымдардың болжамы бойынша коронавирус елімізде жақын арада 11-16 наурызда пайда болатынын айтқан болатын.
Осы уақытқа дейін Қазақстан коронавирустық инфекцияны жұқтырудың бірде-бір оқиғасы тіркелмеген елдердің қатарына кірді.
Әлемде коронавирустың таралуына байланысты ел бірқатар шектеу шараларын қабылдады. Аурудың алғашқы жағдайы анықталғаннан кейін бұл шаралар одан әрі қатаңдатылатын болады.