Өз әйелі мен екі баласының өліміне күдікті ер адам іздеуде болған
Қайғылы оқиғадан кейін өлген әйелдің жұбайы және қайтыс болған балалардың әкесі іздестіруде болған. Ұстау кезінде ол тамағын кесуге тырысқан. Ер адам қандай себептермен өз отбасын өлтіруді шешкені белгісіз.

Әңгіме БҚО, Тасқала ауданы Ақтау кентінде сәуірдің 8-нен 9-на қараған түні орын алған қайғылы оқиға туралы. Түнгі сағат бірлер шамасында ауылдың шетіндегі үй жанып жатты. Өрт сөндіргеннен кейін, ТЖ қызметкерлері үй ішінде жанып кеткен жас әйел мен екі баланың мәйітін тапты.
Қайғылы оқиғадан кейін полиция 1986 жылы туған Серік Кафизовты іздестіруді жариялады. 9 сәуір күні таңертең оның орналасқан жері анықталып, ол ұсталды. Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, ұсталған кезінде Серік Кафизов өз-өзінің тамағын кеспек болған. Полиция қызметкерлері оны аудандық ауруханаға жеткізді, онда оған медициналық көмек көрсетілді, сол күні кешке күдікті алдын ала қамау камерасына орналастырылды.
Серік Кафизов мектеп кітапханашысы болып жұмыс істейтін жұбайын және 1-ші, 2-ші сынып оқитын екі қызын өлтірген деген күдікте.

Күдіктінің өзі жақында Атырауда вахталық әдіспен жұмыс істегендігі белгілі.
Қазіргі уақытта полиция ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы — 99 бабы 2 бөлімі «Екі және одан да көп адамды өлтіру», сондай-ақ 202 бабы 3 бөлімі «Адамның өліміне әкеп соққан бөтен мүлікті қасақана жою» бойынша тергеу жұмыстарын бастады.
Осы уақытқа дейін қайғылы оқиғаның себептері белгісіз.
Ақтау ауылында 11 сәуірде Жадыра мен екі қызының жерлеу рәсімі өтеді.
