Оралда блокпостты айналып өтпекші болған жүргізуші полиция қызметкерін қағып кетті (БЕЙНЕ)
Оқиға 6-шы мамыр күні Желаево кенті ауданындағы блокпоста болған. «Газель» жүргізушісі тоқтағысы келмей, жылдамдықты асырып, блокпостты айналып өтуге тырысты. Бұл ретте ер адам жылдамдықты үзбей, жүргізушіні тоқтатуға тырысқан полицейді қағып кетті.
— 1986 ж. т. азамат А. №9 блокпосты жүріп өту кезінде полиция қызметкерінің қозғалысты тоқтату туралы талаптарын ескермей, жылдамдықты арттырып, блокпосттағы шлагбаумды айналып өтуге тырысты. Сонымен қатар ол полиция кіші лейтенанты А. Ізбасаровты қағып, оқиға орнынан қашып кетуге әрекет жасаған. Жүргізуші патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен ұсталды. А. Ізбасаров облыстық клиникалық аурухананың травмпунктіне жеткізілді. Қазіргі уақытта полиция қызметкеріне амбулаторлық ем жүргізілді, – дейді БҚО ІІД баспасөз хатшысы Болатбек Белдібеков.
Оның айтуынша, блокпостты айналып өтуге тырысқан жүргізуші сау болған. Қазір ұсталған азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы («Көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу ережелерін бұзу»), ҚР ӘҚБтК-нің 601-бабы («Жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігінің таңбаларымен белгіленген талаптарды сақтамау») бойынша хаттама толтырылды. Сондай-ақ, жүргізушіге ҚР ҚК 379-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды («Төтенше жағдай жарияланған жерде билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбау»).
— Осы қылмыстық іс бойынша жаза-екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру, – деп толықтырды Болатбек Белдібеков.
Алексей Воробьев