Қазақстанда салықтық және кедендік тексеру қайтадан басталады
Елдегі төтенше жағдай кезінде салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу, сондай-ақ өсімпұл есептеу және шығыс операцияларын тоқтата тұру бойынша шаралар қабылдау тоқтатылды. 1 маусымнан бастап тексеру мерзімдері жаңартылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 1 маусымда салықтық, кедендік тексерулерді жүргізу және камералдық бақылау бойынша хабарламаларды орындау мерзімдері жаңартылады.
ОА анықтамасы:
Камералдық бақылауды-салық органдары салық төлеуші (салық агенті) ұсынған салық есептілігін, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негізінде жүзеге асырады.
Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдер бойынша салық берешегін өтеу туралы хабарламаларды жіберу автоматты режимде қайта басталады, олардың негізінде мәжбүрлеп өндіріп алудың тәсілдері мен шаралары қолданылатын болады. Апелляциялық комиссиялардың қызметі жаңартылады.
Комитетте Мемлекеттік кірістер органдары дер кезінде ден қоюға және белгіленген мерзімде салық міндеттемелерін орындау мерзімдерінің орындалмауына назар аударатынын толықтырды. Бұл ретте салық төлеушілер салық кодексінде белгіленген тәртіпке сәйкес үш жылға дейінгі мерзімге мүлікті кепілге немесе банк кепілдігімен салықтарды төлеу бойынша мерзімін кейінге қалдыруға немесе бөліп-бөліп төлеуге құқылы.
Айта кетейік, Қазақстанда төтенше жағдай кезінде 1 153 салықтық және 360 кедендік тексеру тоқтатылды.
26,1 мың хабарламаның орындалу мерзімі тоқтатылды
Банк шоттарына шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы 26,5 мың хабарлама кері қайтарылды.
2 мыңға жуық заңды тұлға банк шоттарындағы шығыс операциялары туралы өкімді тоқтатты
Барлық туындаған сұрақтар бойынша «1414» бірыңғай нөмірі арқылы МКК байланыс орталығына хабарласуға болады.
Мария Драчева
