Елімізде коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу тәртібі өзгерді
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елімізде коронавирус инфекциясы салдарынан қайтыс болғандарды жерлеу тәртібі өзгергенін мәлімдеді.
Бұл туралы жаңа министр онлайн брифинг барысында айтты. «Коронавирус инфекциясынан көз жұмғандарды жерлеудің қолданыстағы тәртібіне өзгерістер енгізілді. Санитарлық, эпидемиологиялық, гигиеналық талаптарды қатаң сақтай отырып, марқұмдарды кез келген зиратқа жерлеуге рұқсат етіледі», – деді Цой.
Сондай-ақ, ол коронавируспен ауыратын науқастардың таралуы өсіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 30 маусымда 40 мыңға жуық науқас тіркелген. Медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр дейді.
Министрдің пікірінше, Үкіметтің көктемде қолға алған шаралары вирустың жаппай таралуының алдын алған.
«Қазақстанда коронавирустан болатын өлім-жітім көрсеткіші өзге елдермен салыстырғанда жоғары екенін атап өту керек. Дегенмен, халық аурудан сақтанудың жолдарын, қауіпсіздік шараларын сақтауды үйрене бастады. Ал, карантин шараларын әлсіреткенде вирустың тарауы ірі қалаларда мемлекетішілік сипатқа көшті», – деді министр Ақордада өткен жиында.
Оның айтуынша, коронавирус инфекциясымен күресудің әдіс-тәсілдері жиі өзгере бергендіктен, халықтың билікке деген сенімі жоғалған. Ал, халықтың дәрі-дәрмекті жаппай сатып алуынан дәріханаларда дефицит пайда болып, шын мұқтаждарға жетпей қалып жатыр.
Министрдің пікірінше, қазір коронавируспен күресудің жаңа әдістерін ойлап табу қажеттілігі туындаған.
«Министрлік тұрғындар бетпе-бет келіп жатқан проблемаларды талдап, медициналық қызметке сұраныстың күрт артқанын көріп отыр. Медициналық көмек көрсетуде жұқтыру қаупінің жоғары болуы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің, жедел-жәрдем бригадаларының, төсек-орынның, дәрі-дәрмектің тапшылығына әкелді. Пандемия мерзімінің белгісіздігі, нақты ем-домның болмауы, ертеңге деген сенімнің болмауы – халықтың ғана емес, медицина мамандарының да үрейін туғызып отыр. Сондықтан, халықпен ашық диалог жасап, коронавирустың алдағы бірнеше жыл жалғасатынын түсіндіруіміз керек», – деді А. Цой.
Жаңа министр COVID-19 вирусымен күресудің 10 жаңа әдісін ұсынды:
1. Инфекцияны амбулаториялық жағдайда емдеудің қарапайым және түсінікті жаднамаларын әзірлеу;
2. Дәрі-дәрмек сатып алу және жеткізу жұмыстарын жылдамдату, отандық өндірушілерге басымдық беру;
3.COVID-19 вирусын диагностикалауда цифрлық рентген-аппараттарын және компьютерлік томографияны қолдану аясын кеңейту және оны қолжетімді ету;
4. Тест зертханаларының қуаттылығын арттыру, тестті уақытылы жеткізу;
5. Шақырту кезінде тест алуды ұйымдастыратын мобильді бригадалар құру;
6. Пациенттердің үйінде қауіпсіз медициналық көмек көрсету;
7. Қашықтан кеңес беруді амбулаториялық деңгейде жүргізу;
8. Стационарларды өкпені желдету аппараттарымен жабдықтау;
9. Жерлеу тәртібін өзгерту;
10. Тұрғындардың қауіпсіздік шараларын сақтауын арттыру.
Айта кетейік, Алексей Цой сондай-ақ, еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың 3 түрлі сценарий бойынша дамуы мүмкін екенін де жеткізді.