ҚР Денсаулық сақтау министрлігі: тұрғындар үшін мобильді бригадалардың қызметі тегін болады
Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанынан құрылатын мобильді бригадалардың қызметі халыққа тегін болатынын министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Бұл (мобильді топтар) – халыққа тегін көрсетілетін жедел жәрдемнің жаңа қызметі. Мемлекет әр шақырту бойынша МӘМС (Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру) қоры арқылы төлейтін болады. Олар науқастармен байланыста болғандардан және симптомы барлардан COVID-19-ға ПТР-тест алады», — деді министрліктен.
Белгілі болғандай, мобильді бригадалар емханалар жанынан құрылған.
Қызметі — коронавирус симптомы бар және пневмониямен ауырғандарды, сондай-ақ стационарда емделіп шыққан науқастарды бақылау.
«Сонымен бірге мобильді топтар созылмалы ауруы бар адамдарды, жүкті әйелдер мен балаларды үйінде бақылайтын болады. Мобильді бригадалардың қызмет төлемін Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры жүргізеді. Әр шақырту үшін емханаларға 5400 теңге аударылады. Мобильді топтардың қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен, пульсоксиметрлермен және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етіледі», — делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін енді қазақстандықтар жедел-жәрдем қызметіне ақша төлейді, ақылы бригаданың бағасы 5400 теңге болады деп жазған болатынбыз.
