Қазақстан коронавирустың таралу қарқыны бойынша әлемде алдыңғы қатарда
Қазақстан соңғы екі аптада коронавирустың таралу қарқыны бойынша әлемде көшбасшы болды. Бұл the New York Times деректері.

Қазақстан КВИ таралу қарқыны бойынша Австралия, Парагвай, Малави, Хорватия, Намибия және Ботсванды басып озды.
«Коронавирус пандемиясы инфекцияның бастапқы таралу кезеңінде қатты зардап шеккен жекелеген елдерде әлсіреді. Бірақ әлемде КВИ жұқтырудың жаңа жағдайларының саны бұрынғыға қарағанда жылдам өсуде: күн сайын 100 мыңнан астам жағдай тіркеледі», — деп атап өтті басылым.
The New York Times мәліметтері бойынша, соңғы екі аптада КВИ ауруымен ауырғандар санының күрт өсуі тіркелген елдер саны екі есе артты.
Әлемде коронавирусты жұқтырудың жаңа жағдайларының рекордтық саны тіркелуде – 166 099, бұл Латын Америкасында, Африкада, Азияда және Таяу Шығыста аурудың өршуіне байланысты.
Басылымның ресми мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда әлем бойынша 11 411 020 адам коронавирус жұқтырып, 527 647 адам қайтыс болды. Covid-19 АҚШ пен Бразилия жұқтырғандар саны бойынша алдыңғы қатарда.

Қазақстанда өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 452 адам (ауру белгілері барлар – 528, жоқтар – 924) тіркелді. Өсім 3,1%.
Республика бойынша ең көп науқас тіркелген өңірлер:
Атырау облысы – 342 (+6,6%);
Шығыс Қазақстан облысы – 149 (+7,9%);
Батыс Қазақстан облысы – 147 (+4,8%);
Алматы облысы – 122 (+4,9%).
Республика бойынша барлығы 47 171 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 15 556, қайтыс болғандар саны – 188 (Денсаулық сақтау министрлігі қайтыс болғандардың тізімін аптасына бір мәрте жариялайды).
