Оралда перинаталдық орталықтың басшысы қайтыс болды
Николай Борисович Дмитриенко бүгін таңертең өмірден өтті. Белгілі болғаны дәрігер екі жақты пневмониядан емделіп, ӨЖЖ аппаратына қосылған.
БҚО перинаталдық орталығының Instagram-дағы ресми парақшасында бұл қайғылы оқиға туралы хабарланады. Әріптестерінің айтуынша, Николай Борисович өлімінің себебі инфаркт болды.
Николай Борисович Дмитриенко 71 жаста еді. Медициналық институтты бітіргеннен кейін ол бүкіл өмірін медицинаға арнады. Еңбек жолын №2 перзентханада акушер-гинеколог ретінде бастаған. 1994 жылдан 2001 жылға дейін БҚО облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2001 жылдан 2005 жылға дейін облыстық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері болып жұмыс істеді. 2005 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ШЖҚ «Облыстық перинаталдық орталық» МКК директоры қызметін атқарды.
Айта кетейік, осыған дейін облыстық перинаталдық орталықтың жоғары санатты акушер – гинеколог дәрігерлері Олег Викторович Силантьев пен жоғары санатты гинеколог Темірболат Айдынұлы Билялиев өмірден озған еді.
Дәрігерлер, өз кезегінде, тұрғындарға санитарлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға және коронавирусты жұқтыру қаупіне байыппен қарауға кеңес береді.