Қасым-Жомарт Тоқаев: Әкімдерге «Жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырып, ауылдағы медицинаны да назардан тыс қалдыруға болмайды деді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір пысықтар пайда табу үшін барлық адамгершілік қағидаттарды аттап өтіп, халықты алдау мен бопсалаудан тайынбай отырғанын жеткізіп, қалалардағы ахуалды тұрақтандырамыз деп, ауыл тұрғындарын ұмытып кетпеуіміз керек екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда кз.

Президенттің айтуынша, мәйітханалар мен жерлеу қызметінде сорақы тірліктер атқарылып жатыр.
«Соңғы екі аптада мәйітті тасымалдау және жерлеу үшін төленетін ақы қатты өсіп кеткен. Мұны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Әкімдерге бір күн ішінде «жерлеуден жемтік іздегендерді» жөнге келтіруді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес мәселелері бойынша селекторлық отырысында.
Президент сондай-ақ дертке шалдығушылар санының артуы, коронавирус рейтингіне ғана емес, Қазақстанның инвестициялық ахуалына, туристік әлеуетіне және елімізге тартылатын жаңа технологияларға да кері әсер ететінін атап өтті. Үкімет барлық сын-қатерлерді жою үшін бұл жағдайды өзінің жұмыс жоспарында ескеруі керек.
Қазақстан Президенті пандемия кезіндегі кез келген қате шешім, бюрократиялық кедергілер, жауапкершіліктен бас тарту жүздеген адамның өмірі мен денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін баса айтты.
Халқымыздың жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұратындығын, бүгінде ауылдағы азаматтар үшін диагностика және емдеу шаралары қол жетімді емес екенін айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев оларға қарапайым дәрі-дәрмектің жетпей жатқанына тоқталды.

«Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндады. Алайда олар, негізінен қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, сондай-ақ, қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Президент.
Жиын соңында Мемлекет басшысы коронавирус жөніндегі барлық дерек, оның ішінде, статистикалық мәліметтер Үкіметтің айрықша құзыретінде болуы қажет екенін мәлім етті. Өйткені бұл жекелеген адамдардың жалған ақпарат таратып, қоғамды адастырудан сақтайды.
