БҚО-да бірнеше күнге созылған орман өрті сөндірілді
Облыстың алты ауданы мен Орал қаласын қамтыған ірі табиғи өрттер болды. Соңғы күндері тұтанған бірнеше ірі табиғи өрт сөндірілді.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, бұған күннің 37-39, кей жерлерде 40-42 градус ысуы әрі желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетуі әсер етті.
Соның салдарынан 13-16 шілде аралығында облыстың алты ауданы мен Орал қаласын қамтыған ірі табиғи өрттер болды.
Атап айтқанда, Ақжайық ауданында 9917 га далалық жер мен 138 га орман отқа оранды.
Бәйтерек ауданында 10 га егістік, 652 га далалық жер, 18 га орман жалынға шарпылды.
Бөрлі ауданында 4680 га, Қаратөбеде 565 га, Сырымда 1521 га, Тасқалада 1940 га далалық жер өртенді.
Орал қаласында 5 га орман жанды.
Қатты желдің салдарынан Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек аудандарында электр бағандары мен ұялы телефон стансалары құлады. Оралда №20 мектептің 50 шаршы метр шатыры сыпырылып түсті.

«Қазіргі кезде негізгі күш (ТЖ департаментінен 54 адам, 9 техника, орман шаруашылығы мекемесінен 30 қызметкер, 3 техника, ерікті өрт сөндіру құрылымдарынан 15 адам, 1 техника) Ақжайық ауданы Бударин ауылдық округіндегі өртті ауыздықтауға жұмылдырылған. Қалғаны сөндірілді», деді Ж.Жұмашев. Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да орманнан шыққан өрттің салдары туралы жазған болатынбыз.
