Қазақстанда коронавирустан 40-қа жуық жүкті әйел қайтыс болды
Қазақстанда коронавирустан жүкті 40 әйел көз жұмды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлім етті.

Баспасөз мәслихаты барысында вице-министрге коронавирустан балалар арасындағы өлім-жітім жайлы сұрақ қойылған болатын. Нақтырақ айтқанда тілшілер тарапынан КВИ-дан көз жұмғандардың зиратының ішінен кішкенбай баланың моласы болғаны айтылған еді. Ажар Ғиният коронавирустан балалар арасында өлім-жітім болмағанын айтты.
«Жаңа туған шақалақтың шетінеуі бойынша бізде статистика жоқ. Алайда коронавирус жұқтырғаннан кейін қайтыс болған жүкті әйелдерге қатысты мұндай статистика бар. Жүкті әйелдер арасында 40-қа тарта адам көз жұмды. Олар коронавирус жұқтырып, босанар кезде жан тапсырды», — деді ол.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирустан 59 медициналық қызметкері көз жұмды деген болатын.
