Министр ауруханада неге видео түсіруге рұқсат берілмейтінін түсіндірді
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауруханада видеотүсірілім жүргізуге қойылған шектеуге қатысты пікір білдірді.

«Медициналық стационарға ұялы телефон алып кіруге болатынын айта кетейін. Бұл тұрғыда ешқандай тыйым жоқ. Екінші жағынан мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес онда видеотүсірілім жүргізуге рұқсат берілмейді. Ең бірінші кезекте бұл пациенттің өзін қорғауы үшін керек», – деді Алексей Цой.
Денсаулық сақтау министрі көп жағдайда пациенттің рұқсатын сұрамай, оны шешінген күйінде төсекте видеоға түсіретінін айтады.
«Көп адам өзінің ауруын жария еткісі келмейді. Әртүрлі жағдай бар. Этикалық сипаттағы, азаматтың жеке кеңістігін қорғау мәселелері ұмыт қалмауы тиіс. Сол себепті видеотүсірілім жүргізуге рұқсат жоқ», – деп атап өтті Алексей Цой.

Қазақстанда өткен тәулікте 1685 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде 743 науқастың клиникалық белгілері жоқ. Осылайша, елде COVID-19 инфекциясы расталғандар саны 75153-ке жетті деп хабарлайды coronavirus2020.kz сайты.
Республика бойынша ең көп науқас тіркелген өңірлер:
Алматы – 241;
Шығыс Қазақстан облысы – 238;
Нұр-Сұлтан – 213;
Қарағанды облысы – 175.
Республика бойынша барлығы 75 153 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 46 790, қайтыс болғандар саны – 610 (21 шілде).
БҚО – да 87 адам коронавирусты жұқтырды.
Олардың 44-інде ауру симптомдарсыз.
Өңірде КВИ ауруымен ауырғандардың жалпы саны 4932 адамға жетті.