Мыңнан астам педофил бостандықта. Оларды жазаға тартуда қазақстандық сот жүйесі неге дәрменсіз?
Елімізде полиция есебіндегі 1 500 педофил мен 2 800 зорлықшының 1 600-і ғана түзету мекемелерінде, ал қалғаны сіз бен біздің арамызда жүр.
Жуырда Сәтбаев қаласында бес жасар бүлдіршін қыздың зорлануы қазақстандықтар үшін тағы бір ауыр соққы болды. Күдікті ұсталса да, қылмыскерді өз бетінше жазалау үшін қолдарына тапсыруды сұраған қала тұрғындары көшеге шықты. Ашынған халық тәртіпке бағынбай, оларды полицияның тыныштандыруына тура келді. Дегенмен, бұл оқиға мемлекеттік сот жүйесінен халықтың көңілі қалғанын, сот жүйесіне деген сенімсіздік күшейе түскенін көрсетті.
«Заңы заңды түрде орындалмайтын елміз»
«Халық көбінесе полицияны кінәлап қателеседі,– дейді заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек. – Негізінде істі жауып, қысқартатын прокуратура, ал ақтау шешімін шығаратын сот. Соттың шешімі шықпай жатып, «Мен ұттым. Шешіп қойдық», – деп жүрген талай адамды көрдім».
Заңгердің айтуынша, соңғы оқиғалар елдың құқықтық мемлекет болудан алшақтап бара жатқанын ашық көрсетеді. Ол халықты жабайы халге түсірген жемқорлыққа батқан жүйе мен құзырлы органдарға деген сенімсіздік екенін атап өтті.
«Заңы заңды түрде орындалмайтын ел ғана осындай жабайы тәсілге көшеді. Сот пен құзырлы органдар заңды жұмыс істемеген елде халық жазаны өздері бергісі келеді. Ол үшін халықты айыптап қажеті жоқ, оған жемқорлық пен сыбайластық кінәлі», – дейді заңгер.
Омбудсмен қайда?
Заңгер осы уақытқа дейін зорланған қыздарға психологиялық қолдау көрсететін бірде-бір мекеме жоғын айтады.
«Бала құқығын қорғаушы омбудсменнің нақты қандай жұмыстар атқарып жатқанын да білмейміз», – дейді ол.
Айтуынша, Аружан Саин омбудсмен болған екі жыл ішінде зорланған балалардың құқығын қорғап жүрген қоғам белсенділерінің басын қосып, ұсыныстарын да тыңдамаған.
Статистика не дейді?
2018 жылы Қылмыстық кодекстің 120.4, 121.4, 124 баптары бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық қылмыс жасағаны үшін 145 адам сотталған. Оның ішінде шартты түрде сотталғандары жоқ. Бас бостандығынан айырылғандар саны 141 немесе 97,2%.
Былтыр жоғарыда аталған баптар бойынша 151 адам сотталды. Өткен жылы да шартты түрде сотталғандар жоқ. Қылмыстық кодекстің 124-бабы бойынша бас бостандығынан 2 адам шектелген. Бас бостандығынан айырылғандардың үлесі − 98,7%.
2020 жылдың бірінші тоқсанында 39 адам сотталды.
Олардың ішінде шартты түрде сотталғандар мен бас бостандығы шектелгендер де жоқ, барлығы бас бостандығынан айырылған.
Педофилдер туралы барлық ақпаратты, соның ішінде зорлықшылардың суреті мен аттарын infopublic.pravstat.kz сайтындағы арнайы бөлімдердің бірінен көруге болады.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті педофилдер туралы деректердің электрон картасын бірнеше жыл бұрын ұсынған. Онда аймақтар мен қылмыс жасау мерзімдері бойынша ақпарат ашық жарияланған.
Жаза былтыр күшейген
Мемлекет басшысының кеңесшісі Ерлан Қарин елде балаларға зорлық-зомбылық жасағандарға қарастырылған қатаң жазаның бар екенін айтты. Бұл туралы ол Тelegram желісінде жазды:
«Соңғы оқиғаларға байланысты желі пайдаланушылары балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту керек деп жазып жүр. Шын мәнінде мұндай шаралар Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылы қабылданған еді. Президент 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына арналған алғашқы жолдауында сексуалдық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қарсы басқа да ауыр қылмыстар жазасын жедел түрде қатаңдатуды тапсырды».
Президент кеңесшісі тиісті заң жобасының күзде Парламентке түскенін атап өтті.
«Заңның жаңа нормаларына сәйкес, орташа ауырлықтағы зорлық-зомбылық қылмысы ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. 14 жасқа толмаған балаларға зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы қамау жазасы көзделеді. Одан бөлек, педофилия фактілерін жеткізбеу, жасыру, бұрмалау үшін де жауапкершілік белгіленген. Бұл енді 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін ауыр қылмыс болады. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күрес мәселесі – біздің мемлекет үшін басым бағыттардың бірі», – деп жазды Ерлан Қарин.
«Бізге бірінші сыбайластық пен жемқорлықтан арылу керек»
«Өлім жазасын заңға енгізу үшін сот пен тергеу жүйесі сыбайласқан жемқорлықтан таза болу керек», – дейді Айгүл Орынбек.
Оның айтуынша, жемқорлық пен сыбайластық өршіп тұрған елде өлім жазасын енгізу өте қиын және ойланып қабылдайтын шешім.
Заңгер педофилдерге өлім жазасын беруге қарсы емес, ол үшін қоғам алдында жүрген заңгерлер бірлесіп жұмыс істеу керек екенін айтады.
«Халықпен заң жобасын ашық талқылау керек, сол кезде ғана біз бір нәтижеге жетеміз»,– деді ол.
Отыз жылда оңалған заң
Қазақстанда 2000 жылға дейін зорлық жасау деректері бойынша бас бостандығынан айыру мерзімі 3-5 жыл болған. Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін қолданылатын жаза 2010 жылы қатаңдады. Бұл жолы ең ұзақ мерзім 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзім деп белгіленген. Кейін жаңа Қылмыстық кодексте педофилдерді белгілі бір лауазымды қызмет атқару құқығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы бап қосылды. 2018 жылы педофилдерге химиялық кастрация жасау туралы шешім қабылданды.
Алайда, бұл қатаң шарамен жағдай оңалып кетпеді. Дәрігерлердің айтуынша, нәтижелі болу үшін науқас терапияға келісім беріп, тұрақты ем қабылдауы керек.
Химиялық кастрация кезінде адамның денсаулығы үнемі бақылауда болып әрі психотерапиялық жәрдем көрсетіледі. Зертханалық тексеру жарты жылда бір рет жүргізіліп, ағзадағы гормон деңгейі анықталады. Химиялық кастрацияны әрі қарай жалғастыру немесе тоқтату шешімін қабылдау үшін комиссиялық тексеру жүргізілуі тиіс.