Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпiров өмірден өтті
Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпiров өмірден өтті деп хабарлайды Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы.
«Тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ерi, «Барыс», «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері Жақсылық Әмiрәлiұлы Үшкемпiров ағамыз бақилық болды. Батыр ағамыздың Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігiне биыл 40 жыл болып еді.
Марқұмның барлық туған- туыстарына, отбасына, жора-жолдастарына, барша Қазақстан күресiнiң жанкүйерлеріне қайғырып көңіл айтамыз! Ағамыздың жаны жанатта болғай!» – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Свердловск ауданы, Чапаев елді мекенінде өмір есігін ашқан.
Ол грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері (1971), Халықаралық спорт шебері (1975), Еңбек сіңірген спорт шебері (1980), алтын медальге иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу, 1980), Әлем чемпионы (1981), әлем кубогының күміс жүлдегері (1982), екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы (1975, 1980), Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
2019 жылы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы «Жақсылық» көркем фильмі түсірілді. Үшкемпіровтің жасөспірім және бозбала шағын Эльнар Назаркул мен Сануржан Сүлейменов, ал 60 жастағы кезін Досжан Жанботаев ойнады.