Қазақстанда 10 тамызда Абай күнін атап өтеді
Үкімет қаулысымен Қазақстанда жаңа мереке бекітілді. Енді қазақстандықтар 10 тамызда қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының күнін атап өтеді деп хабарлайды ҚР премьер-министрінің ресми сайты.
«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізілді.
ҚР Үкіметінің ресми сайтында жарияланған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметінің Қаулысында:
1. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі:
мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:
«22-1. Абай күні – 10 тамыз».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Жарияланған құжатқа сәйкес, 10 тамыз Абай күні болып бекітілді. Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі мерекелік даталардың қатары Абай күнімен толықтырылған қаулының жобасын жариялаған еді. Оған сәйкес, Абай Құнанбайұылының күнін ақынның туған күні – 10 тамызда атап өту ұсынылған болатын.
Биыл Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 175 жыл. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты көптеген шаралар өтпей қалды. Ал кейбірі онлайн-форматта өткізілді.
Сонымен қатар ақынның 175 жылдығана орай Семей халықаралық әуежайына Абай есімі берілді.