Арақ жақсылыққа апармайды
Арақ адамдардың арасын жауластырып, өшпенділік туғызады. Арақ адамды ес ақылынан айырады. Адам мас болған соң, ақыл есі ауып, өзін ұстай алмайды. Не айтып, не қылғанын аңғармайды.
Мас адам өз іс-әрекетіне есеп бермейді. Бұл жолы да 2 тамыз күні айыпталушылар мен жәбірленушілердің бірге арақ ішуі барысында екі қайғылы оқиға орын алған.
Сағат 13.00 шамасында Зачаган кентіндегі «Ревунок» кафесі артындағы орман арасынан зорлықпен өлтірілген 1970 жылғы ер адамның мүрдесі табылды.
Жедел іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа күдікті ретінде Орал қаласының 1984 және 1977 жылғы тұрғындары анықталып, ұсталды.
Күдіктілер уақытша оқшаулау изоляторына қамалып, ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігіне (қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Сол секілді сағат 01.42-де Д.Карбышев көшесі бойындағы үйдегі пәтерлердің бірінен зорлықпен өлтірілген 1978 жылғы әйелдің денесі табылды.
Бұл қылмысқа күдікті ретінде 45 жастағы қала тұрғыны қолға түсті. Ол да уақытша оқшаулау изоляторына қамалып, ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Оралда Фрунзе көшесіндегі үйдің 3 қабатынан Бәйтерек ауданының тұрғыны 30 жастағы әйел құлап кетті.
– Оң жақ төменгі аяғының жабық сынуы, жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы және алкогольдік масаңдығы диагнозымен ол облыстық көпсалалы ауруханаға жатқызылды, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Қазіргі таңда адам баласы үшiн аса зиянды нәрсенiң бiрi – алкогольды iшiмдiктер. Бұл пәлекеттің қоғамға зарары жайлы аз айтылып жатқан жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормативі бойынша жан басына шаққанда алкогольдік ішімдіктерді 8 литрден көп пайдаланатын елдің генофонды деградацияға ұшырайды екен. Біздің елдегі жағдай бұл межеден әлдеқашан асып кеткен. Тіпті кейбір үлкен қалаларда бір жылда сатылған арақ-шарап өнімдерін адам басына шаққанда әр бірімізге 12 литрден келіп тұр. Бұл дабыл қағатындай апат.
Ғалымдар спирттік ішімдіктің аз ғана мөлшерінің өзі жасы ұлғайған шағында жаман ауруға шалдығу қауіпін өсіретінін дәлелдеді. Алкоголь әйелдерде сүт безі ісігіне, ерлерде ауыз қуысы, көмей, өңеш және бауырда ісік пайда болуына жол ашады дейді ғалымдар.