Ағашты бүлдіргені үшін жауапқа тартылды
БҚО полицейлері Хан тоғайындағы ағашты зақымдаған құқық бұзушыны анықтап, жауапкершілікке тартты. Құқық бұзушылық әлеуметтік желілерді бақылау барысында анықталды.

Жас жігіт терекке жүрек ойып, ағашқа зақым келтірді. Бұл әрекет қоғам тарапынан наразылықтың күрт толқынын тудырды.
– БҚО ПД жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полициясы қызметкерлері құқық бұзушыны 381-1-бабының 2-бөлігі (Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру) бойынша анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Енді «Ағаш кесуші» 27780 теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс, – деп хабарлады полициядан.
Полиция департаменті ағаштардың бүлінуі құқық бұзушылық болып табылатынын және айыппұл салынатынын еске салады.