Ректор, бизнесмен, әкім. Сенатқа тағы кімдерді қонжитты
Ректор, бизнесмен, әкім. Су жаңа сенатор атанғандардың қызметі көбіне осындай.
Елімізде Сенат сайлауы өтіп, мәслихат депутаттары алдағы алты жылда Жоғары палатадан жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды-ау деген жандарды таңдады. Сонымен, санаулы сағаттарда-ақ алдағы алты жылғы қызметері белгілі болғандар кімдер? Оларды жұрт біле ме, деген сауал тастады Еуразия бірінші арнасы.
Карантинде қамалып, көптен бері көріспеген мәслихат депутаттары арқа-жарқа, мәз- мейрам. Құшақтасып сүйіспесе де, ара қашықтық сақтап, жұдырық соғыстырып, амандық білісіп жатты. Елорданың атынан Сенатқа баруға үміттілерге 20 адам дауыс берді. Бұл кісілер «Бізге ешкім қысым жасаған жоқ, жасай да алмайды» дейді.
Сенатқа өткендердің аты-жөнін көпшілік білмесе де, қазіргі қызметтері олардың беделі туралы айтып тұр дейді қоғам белсендісі. Мысалы, Нұр-Сұлтаннан сайланған Күрішбаев ректор, Алматыдан өткен Мәкежанов аудан әкімі, Шымкентте жеңген Қапбарова тағы да сенатор атанды. Ақтөбе, Шығыс, Солтүстік, Батыс, Түркістан облыстары. Қай өңірді алсаң да бағы жанғандардың дені не әкім, не ректор, не бизнесмен.
Батыс Қазақстан облысынан – іскер әйелдері қауымдастығының аймақтық басшысы Ляззат Рысбекова – 70.33%; Сайлау бюллетенін алған 183 таңдаушының 128-і дауыс берді.
Педагогтардың отбасында дүниеге келген Ләззәт Тұяқбайқызы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, Қазақ мемлекеттік заң академиясында білім алған. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасында жұмыс істеп, өңір прокурорының көмекшісі де болған. Қазіргі қызметінде 2011 жылдан бері істейді. Сонымен қатар ол 2015 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығын басқарады.
Ал саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов бұл саяси реформаға кері әсер етеді дейді. Ортақ танысты үміткер етіп, Жоғары палатаға сайлағаннан ештеңе өзгермейтінін айтады.
Қазыбек Майгелдинов, саясаттанушы:
«Мәслихаттың негізгі құрамы өзгермеген. Сол баяғы мәслихат. Сол баяғы ешкімге белгісіз депутаттар. Және олардың қазіргі таңда өз қатарынан шығарып отырған кандитаттары солардың қатарында жүрген адамдар. Ешқандай жаңашылдық жоқ. Ал үстінен өзгеріс жасамай, астынан өзгеріс жасағаннан кейін кейіннен Сенат Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы өткеннен кейін тағы да 5 жыл, екінші срокқа сайлануға құқықтары бар сенаторлардың».
Бұл енді алдағы күннің ісі. Осы жолы сенаторлар ескі әдіспен сайланды. Ал олардың қаншалықты белсеніп, халыққа қызмет ететінін алдағы уақыт көрсетер.