БҚО-да жоғалған оқушы табылды
Батыс Қазақстан облысында жоғалған оқушыны іздеумен полицейлер, әскерилер мен еріктілер айналысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, 12 жастағы 5-сынып оқушысы 19 тамыз күні сағат шамамен 15.00-де Теректі ауданы Подстепный ауылында жоғалды.
Ол Орал қаласында ата-анасымен бірге тұрады. Сол күні ауылдағы «ПМК» аялдамасынан кеткеннен оралмаған.
Өз бетімен іздеу нәтиже бермегеннен кейін сағат 19.10-да анасы полицияға жүгінген.
Полиция департаментінің бастығы Мақсұтхан Аблазимовтің басшылығымен іздестіру жұмыстарына Теректі ауданы полиция бөлімі мен Орал қаласы полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылды. Сондай-ақ Оралдағы 5517-әскери бөлімінен 70 жауынгер, Подстепный ауылдық округі әкімдігі қызметкерлері және жұртшылық өкілдері көмекке келді.
«Сағат 23.00-де Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Арман Бисенғалиев пен стажер Бақытжан Қонарбай баланы шаһардағы Құрманғазы көшесіндегі үйдің ауласынан тапты. Жасөспірім қазір отбасымен бірге. Оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде», – деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.
Баланың ата-анасы жедел қимылдаған полиция қызметкерлері мен іздеуге қатысқандардың бәріне ризашылығын білдірді.