БҚО-да демалыс күндері ашық базарлар жұмыс істейтін болады
Оралдықтар сенбі және жексенбі күндері сырттағы ашық азық-түлік және азық-түлік емес базарларға бара алады.

БҚО бойынша тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, алдағы демалыс күндері, 22 және 23 тамызда сауда үйлері мен сауда орталықтарының, сауда желілерінің, азық-түлік емес және азық-түлік жабық базарлардың, сұлулық салондарының, шаштараздардың, косметологиялық кабинеттердің, SPA-салондардың, фитнес орталықтардың, жаттығу залдарының және спорттық-сауықтыру объектілерінің қызметі тоқтатылады.
Сондай-ақ сенбі және жексенбі күндері моншалар, сауналар, балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтары, түзету кабинеттері, балаларды дамыту орталықтары, үйірмелер, балалар мен ересектерге арналған курстар, ашық ауада аттракциондар жұмыс істемейді. Саяжай маршруттарына қызмет көрсететін автобустарды қоспағанда, қоғамдық көлік жүрмейді.
– Ашық ауадағы азық-түлік және азық-түлік емес базарлар бұл тыйымға қатысты емес. Олар жұмыс істейтін болады,-деп хабарлады БҚО ТҚҚБД баспасөз қызметі.
