Оралда сотқа келмегені үшін қамауға алынған полиция қызметкері ІІБ жұмыстан босатылды
Оралда полиция қызметкері қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босатылды. Ол ҚР ҚК-нің 366-бабында көзделген «Пара алу» қылмысын жасады деп айыпталуда.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, осы жылдың маусым айында БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу басқармасы істі аяқтап, БҚО прокуратурасына қылмыстық іс жолданды.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны саптық бөлімшесінің қызмет инспекторы ҚР ҚК-нің 366-бабында көзделген «Пара алу» қылмысын жасады деп айыпталуда.
– 19 тамызда комиссия шешімімен қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін қызметкер «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ішкі істер органдарынан шығарылды», – деп хабарлады полициядан.
Естеріңізге сала кетейік, Орал қалалық сотында БҚО ПД патрульдік-бекеттік қызмет батальоны қызметінің 27 жастағы инспекторы Руслан Қарағойшинге қатысты қылмыстық іс қаралуда. Сотталушы сот отырыстарына келмеді және сот қаулысы бойынша қамауға алынды.