Қарбыз биыл неге қымбат?
Қарбыздың құны былтырғымен салыстырғанда 5 есе қымбаттаған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің көктемгі карантин кезіндегі қателігі жаз ауа қарапайым қазақстандықтардың қалтасын қағып жатыр. Дәлірек айтсақ, осы уақытта пісіп жатқан көкөніс өнімдерінің бағасы шарықтап шыға келді. Мысалы, қарбыздың құны былтырғымен салыстырғанда 5 есе қымбаттаған. Бір түйір қауынның бағасы бір келі етке теңесті, диқандар мұның бәріне ауыл шаруашығын басқарып отырған шенділерді айыптап отыр.
Қырыққабаттың қырсығы қарбызға тиді, – дейді диқандар. Оның жырын естеріңізге сала кетейік. Ерте көктемде, яғни карантин басталмай тұрып, капуста еккен оңтүстік диқаны оңбай опық жеп қалған еді. Блок-постардың кесірінен өнімін сыртқа шығара алмаған олар көкөністі жинамай , алқаптың басына тастап кете барды. Ауыл шаруашылығы министрілігіндегілер кеш оянып, экспортқа рұқсат бергенімен диқан уақыт ұттырып алды. Қып қызыл шығын, қарбыз егуге шама берген жок, Бұл бір себеп, екіншісі…
Өзбекстанда жарылған дамбадан аққан су Түркістанда қарбыз егемін деп қамданып отырған диқанның жерін басып қалған еді. Ол кебемін дегенше де тұқым тастайтын мезгіл өтіп кетті. Базардағы қымбатшылықтың тағы бір ұшы осында екен. Сонымен көтерме бағаның өзі 110-130 десек, қала орталығындағы мынадай дүңгіршектерде тауардың құнына тағы 20-30 теңге қосылатыны анық.
Бұл қарбыздың биылғы қымбаттауының тағы бір себебі екен. Онсыз да аз тауар шет ел асып жатыр. Мұны оңтүстіктің шенділері де растап отыр. Көктемде капустадан аузы күйген министрлік енді қарбызға үрлеп отырғанға ұқсайды. Дәл осы сәтте өзімізге жетпей жатқан өнімге шектеу қойса, бағаның да тұрақталары анық еді. Әттең…