БҚО әкімі бетперде бағасын 40 теңгеге дейін төмендетуді ұсынды
Облыстың әр тұрғыны бетпердені қазіргі бағамен сатып ала алмайды, сондықтан оның бағасын 40 теңгеге дейін төмендету керек деді БҚО әкімі.
Коронавирустық инфекцияны таратпау жөніндегі жедел штаб отырысында БҚО әкімі Ғали Есқалиев СOVID-19 алдын алу құралдарының бірі медициналық бетперде кию екенін атап өтті. Алайда, облыстың әр тұрғыны оны қазіргі бағамен сатып ала алмайды.
Содан кейін ол маскалар бағасын бір данасына 40 теңгеге дейін төмендетуді ұсынды, өйткені облыста коронавирустық инфекцияның екінші толқыны күтіледі.
БҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетов карантин кезінде медициналық маскалар өндірісі жолға қойылғанын түсіндірді.
– Бүгінгі таңда шамамен 1,2 миллион маска шығарылды. Тапшылық байқалмайды. Масканы «Талап» АҚ – нан 55 теңгеден сатып алуға болады», – деп атап өтті Е.Бекетов.
Алдағы уақытта, ол маскалар бағасының төмендеуі үшін жұмыс істейтінін атап өтті.