Мал ұрлағандар қанша жылға сотталады?
Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да қылмыстық салада жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту жөнінде Президент Жолдауын іске асыру бойынша өткен онлайн конференциясында айтты.

«Ауыр қылмыстың қатарына жататын тағы бір қылмыс – мал ұрлығы. Президент бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп отыр. Мал бүгінде халықтың байлығы емес, ол тіршіліктің көзі. Қазақ амандасқанда «мал-жан аман ба?» деп сұрайды. Оның мағынасы зор. Себебі қарапайым қазақ аздаған малымен жан бағып отыр. Соңғы жылдары бұл кәсіпке айналып, ұйымдасқан қылмыс түріне айналды. Сондықтан қылмыстық кодекске «мал ұрлығы» деген жеке бап қостық. Ол нәтижесін беріп жатыр. Қазір мал ұрлығы 24 пайызға азайды,» — деді ол.

Төрт түлікке қол сұғу – ауыл адамын күнкөріс көзінен айырумен бірдей. Осыған тосқауыл керек. Қазір мал ұрлау кәсіпке айналған. Оны көбінесе топ болып, алдын ала сөз байласып, қора-жайға бұзып кіріп жасайды.
Мұндай ұрлықта ұйымдастырушы, қасапшы, тасымалдаушы, жалған құжат жасайтындар, базарда алыпсатарлар болады.

Өкінішке қарай, бұл қылмысқа қамқоршылық жасайтын шенеуніктер мен құқық қорғау органдары да бар. Заң жобасында жай құрам үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру ескерілген. Егер топ болып алдын ала сөз байласып, ірі мөлшерде ұрлық жасаса — 7 жылға дейін сотталады. Бірнеше рет мал қораға, қоймаға бұзып кіргені үшін — 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса, 12 жыл бас бостандығынан айыру көзделген.
Ахметжанов атап өткендей, жазаны ауырлату мен татуластыққа тыйым салу ұрлыққа мықты тосқауыл болып отыр.
Былтыр осы уақытта, БҚО мал ұрлығы өршіп тұрғанын жазған болатынбыз. Жылдың сегіз айында бір ауылда 26 мал ұрлығының фактісі тіркеліп, тек олардың төртеуі ғана ашылған. Ұрылар жайылымнан, ауладан, ең ірі малдарды ұрлаған. Жоғалған мал иелері ауданда ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істейтінін жергілікті полиция халықтың мүлкін ұрлаудан қорғай алмайтынын айтқан еді.
