Балаларды әлі де қашықтан оқыту керектігін ескертеміз – Тоғжанов
Премьер-министрдің орынбасары ең маңыздысы балалардың денсаулығы екенін айтты.

Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуысмен коронавирус инфекциясына байланысты 2020-2021 жылдардағы оқу жылын ұйымдастыруға қатысты брифинг өтіп жатыр. Вице-премьер Ералы Тоғжанов дәл қазір басты мақсат балалар мен қоғамды вирустан сақтау екендігін айтты.
Тоғжанов оқушылар мен студенттердің қашаннан бастап дәстүрлі форматта оқи бастайтыны жайлы нақты ақпарат берген жоқ.
«Бүгін біз карантин аясында өткен жаңа оқу жылының бірінші аптасының қорытындысы туралы ақпарат бергелі отырмыз. Осында отырған Білім және ғылым министрі, Денсаулық сақта министрі сіздерге қосымша ақпарат беруге келді. Балалардың білімі өте маңызды. Дегенмен олардың денсаулығы басты назарда», – деді Тоғжанов.
Вице-премьердің айтуынша, қазір Қазақстанда эпидемологиялық жағдай тұрақталған. Ауруханадағы төсек-орындар алты есеге, жедел жәрдем шақыруы 5,5 есеге азайған. Науқастардың 99%-ы сауығып, аман-есен үйіне оралған.
«Бұл Қазақстанның вируспен күресуде дұрыс жол таңдағанын көрсетеді. Бірақ, әлемдегі жағдайға келсек, қауіп әлі де сейілген жоқ. Күн сайын әлем бойынша 250 мыңнан астам науқас тіркеліп, өлім-жітім жағдайы 5 мыңнан астам. Сондықтан, мектептердің жұмысын қашықтан оқытуды туралы шешім алдымен балалардың, ұстаздардың денсаулығын барынша сақтау мақсатында туындап отыр. Балалар коронавирусты жеңіл көтерсе де, олар айналасына вирус таратушы болуы мүмкін. Сіздерге әлі де балаларды қашықтан оқыту қажеттігін ескертеміз. Естеріңізге сала кетейін, мамыр айында карантиннен кейін балабақшалардың кезекші топтарын ашқанда, балалар арасында да корнавирус көп тіркеле бастады. Вирустың таралу тізбегін ескерсек, қоғамда тез тарайды. Баладан сыныпқа, сыныптан ұжымға, ұжымнан қоғамға вирус тарала береді», – деп ескертті Ералы Тоғжанов.


Ал, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Оқушылар үшін бірінші тоқсан қашықтан оқыту форматында қалады. Одан кейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты, бұрынғы қалыпқа қайта оралу мәселесіне қатысты ведомствоаралық комиссияға ұсыныс жасаймыз«,- деді.
Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай: тәуліктік өсімі 0,1%-ды құрайды.