Оралда ер адам жол апатында көлікке қысылып қалды
5517 әскери бөлімінің келісім-шарт қызметінің әскери қызметшісі Иса Нұрғалиев жол-көлік апатынан зардап шеккен ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, апат «Орал» халықаралық әуежайының маңында болған.
«11 қыркүйек күні кешке 5517 әскери бөлімі командирінің орынбасары майор Мельс Дулатбаев пен қатардағы жауынгер Иса Нұрғалиев қызметтік автокөлікпен «Сұңқар»оқу орталығынан қайтып келе жатты. Әскери қызметшілер апаттың куәсі болды. ВАЗ-2114 автокөлігінің жүргізушісі үлкен жылдамдықты басқара алмай, көліктің бірнеше рет аударылғанын көреді. Жүргізушісі көлік салонында қатты қысылып қалғандықтан, өз бетінше шыға алмаған»,-деді» Батыс » өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің басшысы Ерболат СҰЛТАНОВ.
Гвардияшылар бірден көмекке жүгірді. Қызметтік көлікте болған медициналық чемоданның пайдасы тиді. Құтқарушылар келгенге дейін әскери қызметшілер ер адамды босатып, жедел жәрдем шақырды. Жәбірленуші көп қан жоғалтқаны, қысым күрт төмендегені атап өтілді.
«Біз медициналық көмек көрсететін оқу орталығынан келе жаттық. Жол апаты біздің көз алдымызда болды. Біз дереу зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсете бастадық. Ер адамда ашық ми жарақаты болды. Біз өзіміздің азаматтық және дәрігерлік парызымызды орындадық», — деп атап өтті бөлімнің әскери дәрігері қатардағы жауынгер Иса Нұрғалиев.
Төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен кәсібилігі үшін Иса Нұрғалиев бөлім қолбасшылығымен марапаттауға ұсынылды.
