Елімізде адам саудасы азаймай тұр
Әлемде адам саудасы бойынша Қазақстан екінші рейтингте тұр. Елде адам саудасына қатысты қылмыс өршіп барады. 3 күнде адам саудасына қатысты 50-ден астам қылмыс әшкереленді. Бұл жайында Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев брифинг барысында айтты. Сондай-ақ, елде адамдардың жоғалуы жиілеп кетті. Қазақстанда 1200 адам із-түзсіз жоғалған.

Қазіргі уақытта 1200 қазақстандық, оның ішінде 22 бала хабар-ошарсыз кеткен.
– Көбінесе ер адамдар жоғалып кетеді, бұл олардың басқа өңірлерге қызметтік іссапарларға, маусымдық жұмысқа, әртүрлі рейстерге – машиналарды айдап әкелуге кеткенде, жүктерді тасымалдауда және т.б. байланысты. Әйелдер негізінен алкогольді шектен тыс пайдалану салдарынан жоғалады. Дисфункционалды отбасылардан шыққан жасөспірімдер де жоғалады – негізінен ата-аналарымен жанжалдан, алкогольді жүйелі түрде тұтынудан олармен бірге тұруға құлықсыздықтан»,-деді Таев, 100 жағдайдың 80 – інде азаматтардың орналасқан жері анықталып, олар туыстарына оралатынын атап өтті.
Оның айтуынша, соңғы жылдары қылмыстық топ шетелге шығарып, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 15 адам анықталды. Бахрейн, Түркия және Оңтүстік Кореяға сексуалдық қанау мақсатында біздің азаматтарымызды әкету арналарының жолы кесілді. Сонымен қатар, полиция адам ағзаларын трансплантациялаумен айналысатын қылмыстық топты бейтараптандырды.

– Жыл сайын адам саудасына байланысты 180-ге жуық қылмыстық іс қозғалуда. Мұндай қылмыстар карантин кезінде де тіркелген. Құрбан болғандар-Қазақстан азаматтары да, шетел азаматтары да, бірақ 90 пайызға дейін – бұл біздің азаматтарымыз. Шетелдіктердің ішінде негізінен Орталық Азия елдерінің тұрғындары бар, – деді ІІМ департаментінің басшысы.
Сонымен қатар, ол жақында жүргізілген кезекті кең ауқымды «STOP трафик» операциясының қорытындылары туралы айтып берді, оның барысында тәртіп сақшылары адам саудасына байланысты 50-ден астам қылмысты анықтады.
Ақтөбе облысында шаруа қожалығының басшысы үш ай бойы Тәжікстанның 43 жастағы азаматын физикалық зорлық-зомбылықпен қорқытып ұстаған. Еріксіз адам күндіз тракторшы, ал түнде сиыр күзетшісі болып жұмыс істеген. Жамбыл облысында 2019 жылдың қараша айынан бастап шаруа қожалықтарының бірінде үш азамат еңбек құлдығында болды: екі ер адам мал бағып, әйел үй шаруашылығын жүргізіп, тамақ дайындады. Шыдамаған біреуі қашып кетуге тырысқанмен, қожайыны ұстап алып, оны қайтадан қорқытып, зорлық-зомбылық пен психологиялық қысым көрсеткен.
Тағы бір зорлықшыларды полицейлер Қызылорда облысында ұстады, онда бір апта бойы қаланың пәтерлерінің бірінде 55 жастағы әйелді заңсыз ұстап, ұрып-соғып, зорлаған. Ал Алматыда бес ай бойы 16 жасар қызды жезөкше ретінде пайдаланған қыздар ұсталды. Олар оның деректерін интернет-ресурстарда интимдік қызмет көрсету туралы хабарландыруға салған.
Таев 2019 жылы енгізілген заңнамалық түзетулерге сәйкес адам ағзаларын заңсыз сатқаны (бас бостандығынан айырудың төменгі шегі 5 – тен 6 жасқа дейін ұлғайтылды), кәмелетке толмағандарды сатқаны (қазір 18 жылға бас бостандығынан айыруға жазаланады-15 болды), мүлікті тәркілей отырып, оларды жезөкшелікке тартқаны (7-нің орнына 8 жыл) үшін жаза күшейтілгенін еске салды.
Қорытындылай келе, Таев адам саудасының құрбаны болмау туралы ұсыныстар берді:
– Табыс туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз. Жеке басты куәландыратын құжаттарыңызды ешкімге бермеңіз. Басқа қалаға немесе елге шыққанда туыстарыңызға, жақындарыңызға, достарыңызға контактілер мен мекен-жайды қалдырыңыз. Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, дереу жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласыңыз, «102» нөміріне немесе «11616″сенім телефонына қоңырау шалыңыз.
Сонымен қатар, ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә ОРАЗ БАҚ өкілдеріне өткен аптада 3434 қылмыс пен құқық бұзушылық тіркелгенін, оның ішінде 2229-ы ізін суытпай ашылғанын хабарлады. Ең көп кездесетін қылмыстар – ұрлық. 1316 ұрлықтың 568-і ашылды.
Ораздың ақпараты бойынша, Үкімет коронавирус пандемиясына және карантиндік шараларға байланысты шетелдіктерге Қазақстанда болуға рұқсат беру мерзімін 2020 жылғы 1 қарашаға дейін ұзартты. Бұл ретте қолданылу мерзімі осы жылдың 16 наурызынан 1 қарашасына дейінгі кезеңде аяқталған құжаттар жарамды деп танылады. Бұрын Қазақстанға визасыз келген шетелдіктерге де елде болу мерзімі 2020 жылғы 1 қарашаға дейін ұзартылады. Бұдан басқа, 1 қарашаға дейін Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар және қазіргі уақытта шетелде жүрген шетелдіктердің Қазақстаннан тыс жерлерде болу мерзімін есептеу тоқтатылды.

2020 жылғы 1 қарашаға дейін шетелдіктер мен оларды қабылдаушы тұлғалар Қазақстанда болу мерзімдерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Брифингтің соңында ресми өкіл 2016-2017 жылдары мыңдаған қазақстандықтар зардап шеккен Questra Holding, Questra World, Atlantic Global Asset Management және Five Winds Asset me қаржы пирамидаларын құру фактісі бойынша Қазақстан азаматтары мен басқа елдерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін хабарлады. Шығын сомасы 1 млрд теңгеден асады.