Атыраудан Оралға бір тонна қызыл балық жеткізбекші болған
Атырау облысында полицейлер бір тонна қызыл балық бар Toyota Land Cruiser көлігін ұстады, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция департаменті қызметкерлері “Бекіре” жедел-профилактикалық алдын-алу шарасы кезінде Атырау-Орал тас жолы бойында балық тиеген “Toyota Land Cruiser” көлігін ұстады. 345 дана бекіре балықтары мен салмағы 200 грамм қара уылдырық тасыған Батыс Қазақстан облысының 28 және 29 жастағы екі тұрғыны осыншама балықты заңсыз жолмен Атыраудан Орал қаласына жеткізбекші болған. Тәркіленген бекіре балықтарының жалпы салмағы 1 тоннадан асады.

Жүргізуші мен жолаушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. ҚР ҚК 339-бабы («Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерін заңсыз пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ, ведомство «Бекіре» операциясы басталғаннан бері заңсыз айналымнан 1 тонна 200 кг балық, оның ішінде 1 тонна 57 кг бекіре тұқымдас балық алынғанын еске салды.