Жартылай жасалған жолдар

Оралдағы Жұмат Шанин көшесінің бір бөлігіне асфалть төселсе, енді бір бөлігіне төселмеген. Тұрғындар осы көшенің толық асфальтталмағанына наразылық білдіріп отыр.

«Менің түсінбейтінім неліктен көшені түгелдей асфальттамайды?! Неге тек көшенің жартысы ғана жөнделеді. Өткенде жұмысшылардан «Мына жағын да асфальттайсыңдар ма?» деп сұрағам: «Білмейміз, бізге тек асфальтты мына жағына төсеңдер деп айтты» дейді. Сондай қалай? Қалған 200-300 метр жерді кімге қалдырып кетті? Жаңбыр жауса мына көше лайсаң болады, жүру мүмкін емес,»- дейді Бауыржан Нұржанов есімді тұрғын.

Шанин көшесінің дәл қасындағы Қажым Жұмалиев көшесінің тұрғындары да өз базыналарын айтты. Олардың сөзінше, қара күз түссе де, көшенің құрылысы әлі басталмаған.

«Мына қиыршық тастарды мамыр айында төгіп кетті. Содан бері ештеңе істеген жоқ. Осы көшеде тұратын зағип жан бар. Көше жаққа шықса әр жерде үйіліп тұрған қиыршық тастарға сүрініп құлайды. Аурып «Жедел жәрдем» шақырсаңыз, мына көшеге келе алмайды. Өйткені өзіңіз көріп тұрғандай көлік жүрмек түгілі адам аяғын әрең алып жүреді. Осы көшенің бойында орналасқан шағын дүкенім бар еді, жолдың тас-талқанын шығарғасын тұтынушылар саны да күрт азайып кетті. Себебі быт-шыты шығып жатқан жолмен ешкім жүргісі келмейді. Шағын кәсібімізге кәдімгідей кері әсерін тигізіп жатыр. Оның үстіне карантиннен шыққанымыз күні кеше, жолды тезірек бітірсе, жақсы болар еді,» -дейді жеке кәсіпкер Ғалымбек Ситкереев.

Тұрғындардың талап-тілегіне Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ербол Арыстанғалиев былай деп жауап берді.

«Жұмалиев көшесінің құрылысына республикалық бюджеттен 130 млн.теңге бөлінді. Құрылысын «КазСтройГарант» ЖШС жүргізіп жатыр. Мердігер мекеме мен арадағы келісім шарт бойынша алдымен ақшаның 30 пайызын беруіміз қажет еді. Бірақ біз 30 емес 20 пайызын ғана бердік. Себебі олар жұмысын көрсетуі керек. Жұмалиев көшесіне асфалть төсеу жұмыстарының неліктен кешеуілдетіп жатқанына келер болсам, жоғарыда айтып өткен компания үлгермей жатыр. Өйткені ол мердігер Жұмалиев көшесінен бөлек, Иманов пен Ярославская көшесіне де жөндеу жұмыстарын жүргізумен айналысуда. Имановты толықтай аяқтады. Қазір Ярославская көшесін асфальтқа дайындап жатыр. Осыдан кейін барлық күшті Жұмалиев көшесіне жұмылдырады. Ал енді Шанин көшесіне асфалть төсеу мүлдем жобада жоқ, – деп қысқа қайырды Ербол Арыстанғалиев.

«Көше жобада жоқ болса, онда оған жартылай асфальтты кім төседі?» деген сұрақты Зашаған кенті әкімінің орынбасары Асылжан Хайруллинге қойдық.

«Шанин көшесінің жартысына асфальт Жұмабаев пен Аймауытов көшесінің үнемделген жұмыс көлемі есебінен төселді. Тағы осындай үнемделген жұмыс көлемі болып жатса, қалған жартысына төселеді. Егер болмай жатса, солай тұрады енді. Алдағы уақытта көшеге қатысты жоба жасақталғанда бітпей қалған көшелерді соған кірістіріп жібереміз», – деді ол.

Ал Жұмалиев көшесінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтауға тиіс «КазСтройГарант» ЖШС өкілдерімен тілдесу мүмкін болмады. БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Айтмағамбетов «КазСтройГарант» ЖШС-ның жұмысына көңілдері толмайтынын, тым баяу қимылдайтынын айтады. «

«Компанияның ұйымдастыру жұмыстары өте нашар екені көрініп тұр. Жақында облыс әкімі Ғали Есқалиевтың қатысуымен өткен жиында бұл мердігерге шара қолданып, бір жағына шығару керектігін айттым. Мердігер мекеме басшыларына жұмыстарыңды жандандырыңдар деп ескерту де жасадық. Олар: «Бәріне үлгереміз, уақытында аяқтаймыз» деп өздеріне шаң жуытпай отыр. Егер көшелерді уақытында бітірмесе, айыппұл салып, тиісті шара қолданамыз», – дейді.

ЕСЕНЖОЛ ЕЛЕКЕНОВ

Суреттер: АРТЕМ БУКРЕЕВТІКІ

x
2020-10-31
Утром7.2 ℃
Днем9.98 ℃
Вечером4 ℃
Ночью5.56 ℃
Влажность50 %
ДавлениеhPa 1022
Скорость ветра5.03 м/с
2020-11-01
Утром5.43 ℃
Днем12.22 ℃
Вечером8.39 ℃
Ночью7.54 ℃
Влажность47 %
ДавлениеhPa 1022
Скорость ветра3.25 м/с