«Әкімдердің құрғақ сөзіне әбден тойдық»
Талай жылдан бері жол азабын тартып келе жатқан Деркөл кентінің тұрғындары балшықты белден кешуге мәжбүр. Тас жолды күте-күте шаршаған олар ақыры бас көтерді. Ақ жағалылардың үнемі «шешіледі, сәл күтіңіздер» деген шығарып салма сөздерінен шаршаған тұрғындар «Әкімдердің құрғақ сөзіне әбден тойдық» дейді.

— Бұл мәселені Алтай Көлгінов бізде әкім болған кезінен бері көтеріп келе жатырмыз. «Әне шешеміз, міне шешеміз» деді. Шешілген ештеңе жоқ. Баяғы жартас, сол жартас. Осы уақытқа дейін халықты алдап келдіңдер ме, сонда? Жылда үйіп топырақ төгіп кетесіңдер, ол топырақ көктемде, жаңбыр жауса, ми батпақ болады. Аяқ алып жүру мүмкін болмайды. Осыны неге ойламайсыңдар. Жаз өтіп, күз болды енді. «Күн жаңбыр, асфалть төсеуге болмайды» деп, ауа райының қолайсыздығын алға тартып тағы жүресіңдер. Нақты бізге қашан жол болатынын айтыңдар?, — деді ашынған тұрғындар алдарына келген жауаптыларға.
Тұрғындардың сұрағына Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев: «Осы жылдан бастап, 2022 жылға дейін бұл кенттің жалпы ұзындығы – 44 шақырым жолы, яғни барлық 48 көшеге толықтай асфальт төселетін болады. Сол үшін жоба жасақталды. Жол құрылысын жүргізуге қазіргі таңда мердігер мекеме анықталды. Өте тәжірибелі компания. Міне, сол компания басшысынің өзі алдарыңызда тұр. Жалпы, жол салу үшін конкурс өткізіледі. Сол конкурстың нәтижесі қыркүйек айында ғана анықталды. Егер ертерек анықталғанда жол салу жұмыстарын жазда бастап кеткен болар едік. Сіздер ойламаңыздар бірден асфальт төсеу жұмыстарын бастап кетеді деп. Асфальт төсемес бұрын көшені өлшейтін сияқты бірқатар жұмысы бар. Енді мердігер компания сол тиісті жұмыстарды жүргізуге кірісетін болады. Жақында қала әкімімен, мердігер мекемемен ақылдасып, жол құрылысын осы кіреберіс көшеден (Б.Майлин көшесін айтып отыр – ред) бастап, ескі соңғы аялдамаға дейін (шамамен 1200 метр) ғана жөнделеді деп жоспарладық. Биыл бұл көшені толық бітіріп береміз деп уәде бере алмаймыз, өйткені ертең қар жауып кетсе, жұмысты тоқтатуға тура келеді, — деді ол.

-Осы Бейімбет Майлин көшесіне жол салу жұмыстары қашан, қай күні басталады, нақты айтыңызшы? Сосын ертең жолдың құрылысы басталғанда автобус қай бағытпен жүреді? — деген сұраққа Жандос Дүйсенғалиев жол жөндеу жұмыстары жақын арада басталатынын, ал маршруттың қай жолмен жүретінін ойластырып жатырғандарын айтты.
«Сіздердің сөздеріңізге сенбейміз, сенуден қалдық. Себебі үйіп-төгіп уәде беріп кетесіңдер, — деген тұрғындардың уәжіне Деркөл кентінің әкімі Жұбан Жұмағалиев «Құрметті тұрғындар! Сұрақтарыңызға әріптестерім жауап берді деген ойдамын. Жол салынады. Мердігер компания келесі аптадан бастап мобилизация жұмысын жүргізеді», — деп жиналған халықты сабырға шақырды.
Осы жерде мердігер мекеме «Уральскводстрой» ЖШС басшысы Тенгиз Владимирович сөзге араласып, «Сіздердің жанайқайларыңызды түсінемін. Тендерді біздер ұтып алдық. Тиісті жұмыстарды жүргізіп, жол салуды бастаймыз. Бұл кенттің басты проблемасы жолдың жайы екенін жақсы білеміз. Бастысы – сең қозғалды. Енді жол болады. 2022 жылы барлық жолды асфальттап бітіреміз. Тек түсіністік танытыңыздар», — деді.
Жол мәселесінен бөлек тұрғындар №7 маршрут күн балшықта соңғы аялдамаға дейін бармайтынын және кентте қоқыс жәшіктерінің жоқтығын жеткізді. Тұрғындардың бұл сауалына кент әкімі «Қоқыс жәшіктерін қоймай отырған себебіміз мына жаққа «ОралТазаСервис» ЖШС көлігі кірмейді. Себебі жол жоқ. Бірінші жолды жөндеп алайық. Сосын қоқыс жәшіктерін қоямыз. Маршрут жөнінде осы жерде соған жауапты адамдар бар, солар жауап береді», — деді Жұбан Жұмағалиев.

— Біздерге мынаны айтыңыздаршы? Неге 7-ші маршрут соңғы аялдамаға дейін бармайды. Мен ең соңғы аялдамада тұрамын. Аялдамадан әрі қарай екі шақырым жаяу жүремін. Қазір ештеңе емес, күн ашық-жарық, құрғақ, ертең күн балшықта бала-шағамызбен қалай жүреміз? Бұл – бір. Екіншіден, автобусқа адамдар сыймайды. Таңертең сыймай қалғандар жұмыстарына кешігіп қалады. Қаладан бері келсе де сол. Автобус кешкі 20.00-де тоқтайды. Кейбіреуі қалда қонып қалса, кейбірі таксимен келеді. Балшық болса, таксиде кірмейді. Біздің жағдайымыз қалай шешіледі?,-деді Хансұлу есімді кент тұрғыны.
— Қазір бізде автобус та, жүргізуші де жетпей жатыр. Бірдеңе қып шыдасаңыздаршы. 7-ші маршруттың соңғы аялдамаға дейін баруын қарастырамыз, — деген қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмаз Ахошевтың жауабына тұрғындар аса қатты сене қоймады.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
СУРЕТТЕР: Артем БУКРЕЕВТІКІ
