Қазақстан 5 қазаннан бастап КВИ екінші толқынына дайындық аясында карантиндік шараларды күшейтуде
Қазақстан 5 қазаннан бастап коронавирустық инфекцияның екінші толқынына (КВИ) дайындық аясында карантиндік шараларды күшейтуде, деп хабарлайды «ҚазТАГ»агенттігінің тілшісі.
«Шет елдердегі жағдайдың нашарлауын ескере отырып, инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында 5 қазаннан бастап басқа елдермен қосымша әуе қатынасын қалпына келтіруді тоқтата тұру, әуе қатынасы жаңартылған елдермен рейстер санын ұлғайтпау, Түркия Республикасына рейстер санын қысқарту ұсынылады», — деді сәрсенбіде Үкімет отырысында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Екінші санаттағы елдерден келетін адамдар үшін денсаулық сақтау министрлігінің басшысы мынадай міндетті талаптарды белгілеуді ұсынды: термометрия, сауалнама жүргізу және алынған күннен бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімге COVID-19 тексеру туралы анықтаманың болуын талап ету, ал анықтама болмаған жағдайда келгендерді covid-19-ға зертханалық зерттеу жүргізу үшін екі тәулікке дейінгі мерзімге карантиндік стационарда оқшаулау жоспарлануда.
«Осыған ұқсас талаптарды ЕАЭО елдерімен (Еуразиялық экономикалық одақ – ҚазТАГ) және Өзбекстанмен авиаөтпелерде өткізу пункттерінде мемлекеттік шекараны кесіп өтетін тұлғаларға қолдану ұсынылады. Осыған байланысты облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдеріне мемлекеттік шекарадан өтетін жерлерде карантиндік стационарлардың өрістетілуін және келетін адамдарды тестілеуді қамтамасыз етуді тапсыруды сұраймын», — деп толықтырды министр.
Сонымен қатар, инфекцияның таралуын болдырмау және аурудың ықтимал өсуіне дайындық мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бірқатар шұғыл шаралар қабылданды.
«Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шаралар қабылданды, өңірлер Т14 млрд сомасына 91 дәрі-дәрмектің атауы бойынша қосымша қажеттілікті мәлімдеді, Т11,4 млрд-қа covid-19 бойынша дәрілік заттардың қоры қалыптастырылды, өңірлерге 100% жөнелтілді. Қосымша барлық өңірлерде барынша сұранысқа ие дәрілік заттар бойынша жалпы сомасы шамамен Т13 млрд тұрақтандыру қорлары құрылды. COVID-19 емдеу үшін амбулаториялық деңгейде қосымша дәрілік заттардың бес атауын қамтитын препараттар тізбесі кеңейтілді», — деп нақтылады ҚР ДСМ басшысы.
Оның айтуынша, үйде коронавирусты емдеу үшін 2019 жылдың соңына дейін 1 миллион науқасқа тегін дәрі-дәрмектер қарастырылған.
«Қуаттылығы тәулігіне 42 мың ПТР-зертханалар ашылды, қазан айында қуаттылық тәулігіне 63 мыңға дейін артады. Сондай-ақ, халықтың осал топтарын вакцинациялау үшін тұмауға қарсы вакцинаның 2,2 млн дозасы сатып алынды. Вакцинация 15 қыркүйекте басталды, Бүгінде шамамен 1 млн адам немесе тиісті халықтың 44% егілді. Тыныс алу органдарының ауруларын азайту үшін бұл вакцинация екі апта бұрын басталды. Сондай — ақ, ерте жылыту маусымы енгізілді, өткір респираторлық вирустық инфекциялардың өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге төмендегені байқалады», – деді Цой.
Министрдің айтуынша, аталған төмендеуге ұйымдасқан ұжымдардың, соның ішінде мектептердің бөлінуі, маска режимі және әлеуметтік алыстау әсер етті.
«Елдің COVID-19 вакцинасына деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін біз вакцинацияланатын қауіп топтарын анықтадық. Республика бойынша алдын ала тиістілер саны 2,8 млн немесе барлық халықтың 15% — ын құрайды», – деп нақтылады министр.
Оның айтуынша, 2020 жылдың қазан айының соңына дейін 11 облыс орталығы мен Алматыда 3100 төсектік 13 модульді жұқпалы аурулар ауруханасын салуды аяқтау, сондай-ақ екі нысанды жөндеу жоспарлануда.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарларда өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) 3379 аппараты бар.
«Қосымша тағы 2619 бірлік (ӨЖЖ-ҚазТАГ), оның ішінде 1500 отандық өндіріс аппараты сатып алынуда. Республикада 21 мыңнан астам төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген, жыл соңына дейін қосымша 9 мыңнан астам төсек-орын қамтамасыз етілетін болады. Аудандық ауруханаларды қосымша жарақтандыру үшін 11 өңірде қолда бар 132-ге отандық өндірістің рентген-аппараттарының 53 бірлігі қосымша сатып алынады. Жедел медициналық көмек қызметін 2020 жылы 1767 санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету жоспарлануда, оның ішінде 360-ы қосымша сатып алынады. Ауыл халқының медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алу есебінен жүзеге асырылатын болады, оларды өңірлерге жеткізу ағымдағы жылдың қазан айының ортасына дейінгі мерзімде күтілуде. Жүргізіліп жатқан жұмыс КВИ — дің екінші толқыны таралған кезде туындауы мүмкін қазақстандықтардың денсаулығына төнген қауіп-қатерді азайтуға бағытталған», – деп түйіндеді Цой.