БҚО-дағы жолдар жөндеуді күтуде, ал жолшылар қосымша қаржыландыруды талап етеді
Батыс Қазақстан облысының жолшылары Қазталов ауданынан Ресей шекарасына дейінгі трассадағы жұмыстарды аяқтау үшін қосымша қаржыландыруды талап етеді, деп хабарлайды «Хабар 24»тілшісі.
Келесі жылға қарай шалғай ауданды облыс орталығымен қосу жоспарланған болатын. Алайда, мұның жүзеге асуы екіталай, дейді құрылысшылар.
Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов-Жәнібек-Ресей шекарасы бағытындағы автожолдың құрылысы баяу жүріп жатыр. Күре жол оңтүстік-батыс аудандарын байланыстырады. Облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекендердің тұрғындары бұл сәтті ұзақ күткен еді. Алайда қазір құрылысқа күмәнмен қарайтындарын айтады. Бір жыл ішінде небәрі 2,5 шақырым жол салынған.
Ерғұлан жеңіл көлігімен Жәнібек-Орал бағытында жолаушылар тасымалдап күн көреді. Ойқыш-ойқыш жолмен қатынауға жарты тәуліктей уақыт кетеді. Ал жауын-шашын күндері тіптен қиын. Талай рет темір тұлпары батпаққа батып, жолаушылар далада қалған кездер болған. Жүйкені жегідей жеген сапасыз жол көлікті де тез тоздырады.
Ерғұлан Теміров, жүргізуші:
«Келесің, мысалы, стойка кетіп қалады, то пружин кетіп қалады. Жоқ дегенде, рейс сайын 10-12 теңге суырып алады. Бізге жолды шапшаң істеп берсе, сол жақсы болар еді.»
Оңтүстік-батыс аудандарының барлығында жол сапасы сын көтермейді. Күре жол деген аты ғана болмаса, ешқашан асфальт төселген жоқ. Тұрғындардың өзге елді мекендерге қатынауы қиынға соғады. Ал адамдар ауырып немесе оқыс жағдайлар бола қалса, жедел жәрдем де дер кезінде келе алмайды.
Нұрсұлтан Жұматов, Жәнібек ауданының тұрғыны:
» Балшық болғанда жүру қиын енді. Ауру болады, сырқау болады, жұмыстар болады. Қиын ғой енді ауырған кісілерге. Сол енді жол (құрылысы) ертерек болса екен деп тілейміз. Че то бер жағы стройканың нашарлап қалған секілді.»
Бірер жыл бұрын жол салынатыны туралы сүйінші хабарды естігенде тұрғындар бөріктерін аспанға лақтырып, балаша қуанған еді. Тақтайдай тегіс жолмен жүйткитін күн алыс емес деп шаттанды. Алайда қазір тұрғындардың салы суға кете бастағандай. Өйткені, құрылыс сылбыр жүріп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы 135 шақырым болса, соның тек 2 шақырымнан астамына асфальт төселді. Құрылыс келер жылы аяқталуы тиіс. Жобаға 2 мердігер ұйым жауапты. Қос компания да құрылыс қарқынын үдетуге құлықсыз екен. Ал Ұлттық компания өкілі жұмыстар жоспарға сай жүріп жатқанын айтады. Күре жол кестеден кешікпей толықтай тапсырылатынына сендіріп отыр.
Еркебұлан Жұманов, «Қазавтожол» ҰК АҚ БҚО филиалының директоры:
«Биыл 4,7 км, ол 53-95 шақырым аралығындағы учаскеде салынады және 2,5 км биыл мына Қазталовкадағы учаскеде тағы жалғасады. Биылға берілген қаржыны толықтай игереміз. Қазір енді сұранысты қанағаттандыруға шешім қабылданды. Жоспарланған межедегі жұмыстардың бәрін толықтай атқарамыз деген сенімдеміз.»
Жұмыс қарқынымен қатар, сапасы да көңіл көншітпейді. Жол сапасын қадағалау мекемесінің мамандары құрылыс барысынан өрескел кемшіліктерді анықтады.
Нұрсұлтан Нұрмұханбетов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының инженері:
» Біз өткен аптада 2-құрылыс аумағына барып, жұмыс барысын бақыладық. Ол жерде бірқатар кемшілік анықталды. Құм қоспасы мен қиыршық тастарды төсеу кезінде технология талаптары сақталмаған. Сонымен қатар, мердігер компания асфальт-бетон зауытын салмаған. Асфальт-бетонды қосалқы мердігер Өнеге ауылынан тасымалдайды. Құрылыс материалдарының сапасын да тексердік. 9 материал түрі талапқа сай келмейді.»