БҚО-ның шекара бекеттерінде стационар ашылды
Ресейден келген Қазақстан азаматтарының қолында ПЦР-анықтамасы болмаса, екі күндік стационарға жатқызылады.

Атап айтқанда, Тасқала, Бөрлі, Жәнібек, Сырым аудандарындағы шекара бекеттерінде стационар жұмыс істеуде. Бұл туралы «Орал апталығына» БҚО тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев айтты.
— Біздің өңір Ресейдің Самара, Орынбор Саратов, Волгоград облыстарымен шектеседі ғой. Көрші елде коронавирустың ушығуына байланысты Бас мемлекеттік санитардың жаңа қаулысы шықты. Қаулыда әуежайлар мен шекара бекеттерінде бақылауды күшейтуді тапсырды. Қазіргі таңда санитарлық-карантиндық пункттерінде жұмыс күшейтілді. Біздің эпидемиолог мамандар кіріп-шыққан адамдардың дене қызуын өлшеп, тиісті жұмыстарды жүргізуде, — дейді Мұхамғали Арыспаев.
Оның айтуынша, Ресейден келген Қазақстан азаматтарының қолында ПЦР-анықтамасы болмаса, екі күндік стационарға жатқызылады. «Ал егер Ресей азаматтары ПЦР-сіз келетін болса, олар шекарадан елге кіргізілмейді. Шілде айынан қарағанда қазір өңірімізде жағдай бір қалыпты, — деді ол.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
