Тасқала ауылының тұрғындары неге наразы?
Тасқала ауылының Ахметқалиев көшесінің тұрғындары ЖСШ «Ануш» жол жөндеу жұмыстарына көңілдері толмайтындарын айтады. Айтуларынша, өздері тұратын көшеге асфальтты қалай болса, солай төсеп жатыр дейді. «Асфальтты құр топырақтың үстіне төсеп жатыр. Асфальт төселмес бұрын астына қиыршық тастар төсемей ме?» деген олар «Орал апталығы» редакциясына суреттер мен видео жіберді.

Тұрғындар түсірген сурет пен видеода асфальттың астына қиыршық тастар төселмегені анық байқалады. Көшенің неліктен бұлай жөнделіп жатқанын білу үшін Тасқала ауданы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Тәшімовке хабарластық.

– Тасқала ауылындағы көшелер жаңа технологияға орай жөнделіп жатыр. Тұрғындардың наразылығын түсінем, әрине. Асфальт төсемес бұрын астына құм, қиыршық тастар төсеу бұрыннан келе жатырған нәрсе ғой. Басында айтып өткенімдей біз жаңа технологияны пайдаланып отырмыз. Бұл – жолдың құнын азайтуға да себепкер болады. Мердігер мекемемен арада үш жылға келісім-шарт бар. Қандай жағдайда да олар көшенің жолын тегін жөндеп береді. Жалпы, Тасқала ауылындағы 35 көшені жөндеуге төрт жоба жасақталған болатын. Бұл – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Оған 1 млрд. 673 млн.468 мың теңге қаржы бөлінді. Қаржының 90 пайызы республикалық, 10 пайызы облыстық бюджеттен. Қазір жол жөндеу жұмыстары 75 пайызға аяқталды. Жыл соңына дейін барлық көшеге асфальт төсеп бітіреміз, – деді Әлібек Тәшімов.

1. Жолдың техникалық қадағалауын ЖШС «Стройинтеграция» мекемесі жүргізеді.
2. Жаңа технологиямен салуға тапсырманы 2017 жылы Тасқала ауданы әкімі берді.
3. Мердігер мекеме жұмысын сапалы орындауда. Тиісті тексеріс жұмыстары әрдайым жүргізілуде.
4. Мердігер компания «Ануш Құрылыс» ЖШС.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ