«Коронавирусты қолдан жасап берейін деп отыр ма?!»
Оралда жылу беру маусымы биыл әдеттегі уақытынан ерте басталса да әлі күнге дейін жылуға жарымай отырған үйлер бар. Қаланың шет жағындағы Бірлік көшесіндегі жаңадан бой көтерген тоғыз қабатты үйлерде жылу жоқ. Тұрғындар үйлерін электр пешпен жылытуға мәжбүр.


Мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған бұл үйлер осы жылдың маусым айынан бастап пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері жылу тұрмақ газ бен ыстық су атымен болған жоқ дейді тұрғындар.
-Бұл үйге 29 маусымда кірдік. Содан бері ыстық су да, газ да жоқ. Тамақты плеткаға пісіріп отырмыз. Ол аздай енді жылу да бермей отыр. Ауа райы күннен күнге салқындап келе жатыр. Үйдің ішінде күртешемен жүреміз. Біз ештеңе емес кішкентай балаларға обал ғой. Коронавирустың екінші толқыны болады деп өздері айтып жатыр. Мына түрімізбен жаппай ауырмағанда қайтеміз?! Осыны неге ойламайды?, – деді ашынған тұрғындар.
Олардың айтуынша, бұл үйлердің кілтін облыс әкімі Ғали Есқалиев ресми табыстағанда тұрғындарға бір айдың ішінде газ қосылады деп айтқан. Алайда бір емес, бірнеше ай өтсе де көгілдір отын қосылмаған. Газ болмағасын амалсыздан тамақтарын плеткаға пісіріп отыр. Соның салдарынан жарыққа пәленбай мың төлеп отырған көрінеді.

– Үйдің іші салқын, балаларымыз ауырып жатыр. Терезеден де жел келеді. Қалай болса, солай салған. Жаңбыр жауғанда терезенің айналасынан үйге су кіреді. Үйдің іші көгеруі жақын. Мына түрімізбен балаларымыздың өкпесіне салқын тигіземіз ғой. Үйдің ішінде дірдең қағып жүреміз. Қызым көрпенің астынан шықпайды. Сабақ оқыса да көрпе жамылып отырады. Коронавирусты өздері қолдан жасап берейін деп отырма, түсінбеймін? Өткенде біреу келіп, уақытша жылуға қосамыз деген еді. Әлі қосқан жоқ. Газ бен ыстық су тағы жоқ. Ай сайын жарыққа көп шығынданамыз. Ұл-қыздарымыз салқын суға қолдарын жуады. Салқын тимегенді қайтеді, өзіңіз ойлаңызшы? Газды, ыстық суды қоспай неге кіргізді тұрғындарды? Енді міне, жылу бермей діңкемізді құртып отыр, – дейді Заура Мергенбаева есімді тұрғын.

Ал кішкентай нәрестесін құшақтаған Әсел есімді тұрғын баласының денсаулығына қатты алаңдайтынын айтады.
– Баламды аурып қалмасын деп қалың киіндіріп қоям. Тезірек жылу берсе жақсы болар еді. Халықтың денсаулығын ойламай ма?, – деді ол.
Қаланы жылумен жарылқайтын «ЖайықЖылуҚуат» ЖШС-нің басшысы Қуат Мусин:
«Мәселе былай ғой. Ол үйлердің құрылысын жүргізген «Болашақ» деген фирма жылыту қазандығын салып үлгермеген. Ол біздің проблема емес. Біз жылуды бүгін-ақ беруге дайынбыз. Енді облыс әкімінің тапсырмасымен бір-екі күнде уақытша жылуға қосамыз»,-дейді ол.
Орал қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Алтай Молдағалиев бұл мәселеден хабардар екенін, жаңа үйлер осы аптаның ішінде уақытша жылуға қосылатынын айтты.
-Қазіргі таңда ол үйлердің жылыту қазандығының құрылысы жүріп жатыр. Осы айдың аяғы немес қараша айының басында аяқталады. Оған дейін басында айтып өткенімдей осы аптада уақытша жылуға қосамыз. Ал енді газ, ыстық суға келетін болсақ, оның барлығы бір жобаның ішінде. Жылыту қазандығының құрылысы біткеннен кейін газ, ыстық су, негізгі жылу барлығы іске қосылады, – деп сендірді Алтай Молдағалиев.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
Сурет Артем БУКРЕЕВТІКІ