Оралда көше жарығы жаңартылуда
Оралда 15 мыңнан астам жарық нүктелері энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдарға ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал әкімдігінің жұмыс жоспарындағы маңызды бағыттардың бірі. Жоба бойынша ағымдағы жылы шамдарды қуаты 100 және 150 Вт 15 184 жарық нүктелері бар энергия үнемдейтін жарықдиодты шамдарға ауыстыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұдан басқа, АСУНО бағдарламасы (сыртқы жарықтандыруды басқарудың автоматты жүйесі) бойынша диспетчерлік қызметтің көмегімен қашықтықтан бақыланатын сыртқы жарықтандыруды басқару шкафтарын ауыстыру бойынша жұмыстар көзделген.
«Бүгінде қаланың 150 көшесінде 7 200 шам ауыстырылды. Қалған шамдар кезең-кезеңмен өзгереді. Сонымен қатар, диспетчерлік қызметті ағымдағы жылдың қараша айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Түнгі уақытта қаланың эстетикалық келбетін сақтау мақсатында біз көп қабатты тұрғын үйлерді жарықтандыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда 32 көпқабатты тұрғын үйдің 13-і жарықтандырылды. Қалған үйлер жыл соңына дейін жарықтандырылады. Сонымен қатар, 3 көпқабатты үй заманауи LED пикселдермен жабдықталған. Бұл жұмыстар облыс орталығын абаттандыру аясында жүргізіліп жатыр», – деді Орал әкімі Абат Шыныбеков.
Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер өткелдерін жарықтандыру орнатылды. Бұл, ең алдымен, қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жол қозғалысы ережелерін сақтау үшін. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігі мақсатында Оралда ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап 10 жаңа бағдаршам, 50 жасанды жол кедергі орнатылды. 485 жаяу жүргіншілер өткелінің 200 өткелінде тозуға төзімділігі жоғары және жолдарда айқын көрінетін термопластикалық желілер қолданылады.
