БҚО әкімі коронавирус қаупінің қайталануы туралы ескертті
БҚО-да COVID-19 жұқтырғандар саны күн санап көбейуде. Инфекция жұқтырғандардың көпшілігі Ресейден келгендер және көпшіліктің қатысуымен өткен мерейтойлар мен садақаларға қатысқан азаматтар. БҚО әкімі Ғали Есқалиев өзінің Фейсбук парақшасында осылай деп жазды.

– Ауруды қай жерде жұқтырып алатынын ешкім білмейді. Коронавирустан сауығып шықсаңыз да, одан кейін қандай жағымсыз салдар туындауы мүмкін екенін ешкім білмейді. Жұқтырғандар санының күрт өсуіне және жазда болған ауыр жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін осы ережелерді сақтауларыңызды сұраймын, – деді облыс әкімі.
Ол инфекцияны жұқтыру қаупін азайту үшін адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, адамдармен сөйлесу кезінде 1 метр арақашықтықты сақтауға, бөлмелерді желдетуге, жөтелгенде немесе түшкіргенде мұрын мен ауызды шынтақпен немесе қол орамалмен жабуға кейін қолды жақсылап жууға шақырды.
– Адам көп шоғырланған жерлерде бетперде киюді әдетке айналдырыңыз. Бетперде киер алдында немесе шешпес бұрын қолдың гигиенасын сақтаңыз; Бетпердені мұрын, ауыз және иек жабық тұратындай етіп кию қажет;
– Егер сіз қауіпті топтардың біріне жатсаңыз, матадан жасалған бетперде киіңіз. Матадан жасалған бетперде қауіпсіз қашықтықты сақтау мүмкін болмаған кезде, әсіресе жабық және желдетілмеген, адамдар көп жиналатын жерлерде өте тиімді;
– Егер сіздің жасыңыз 60 жастан асқан болса, созылмалы аурулармен ауырсаңыз, өзіңізді нашар сезінсеңіз немесе науқас адамның жанында болсаңыз медициналық/хирургиялық бетпердені киіңіз, – деп кеңес берді Ғали Есқалиев.
Сонымен бірге, әкім әр үйде парацетамол, қызуды түсіретін дәрілер, С және D дәрумендер болуы тиіс деді. Антикоагулянттарды, антибиотиктерді өздігінен қабылдаудың қажеті жоқ екендігін және де вирустық инфекция белгілері болған жағдайда, емханаға бару керек екенін жазды.
Естерінізге саламыз, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирустың таралуына байланысты әлемде қиын жағдай туындағанын хабарлады.
Серік ЕСЕНОВ