Бейіт басындағы бизнес
Оралда бір адамды жерлеу құны шамамен 250 мың теңгеден басталса, жоғарғы бағасы – 2 млннан асып жығылады. Көбі қайтыс болған кісінің бейітін биік қып, қымбат тастардан тұрғызғанмен қоймай бірнеше адамды жерлейтін жерді сатып алған.

Зәулім сарай секілді салынған зираттарды көргенде «өлілер мекеніне» емес, құдды шағын қалаға кіргендей әсерде боласыз. Бейіттердің басым көпшілігі қымбат тастардан салынған. Айналасы әсемделіп қоршалған. Кейбіреуінде бірнеше адам отыратын орындық та қойылған. Керек десеңіз Аққу бейнесіндегі бейітте бар.

— Ана ақ тастардан жасалған бейіттер жұмысымен 2 млннан асып кетеді. 3млн. болуыда мүмкін. Өйткені тастар өте қымбат. Маңғыстау жақтан алып келеді, — деді бізге бейіт салып жатырған бір топ азамат биік-биік тұрғызылған мазарларға саусағын нұсқап.
-Және ондай тастардан тұрғызылатын бейіттерді салатын адам Оралда жоқ. Қарақалпақыстаннан келеді, — деді олар сөзін жалғап. Сосын:
-Мына біз салып жатырған бейіт жұмысымен 500 мың теңгедей болады. Жұмыс болмағасын біреулеріміз таңертеңнен кешке дейін осының басында жүреміз, кейбіреуіміз келіп кетеміз, — деді біреуі бейіттің кірпішін қалап жатып, артық ештеңе айтқысы келмегендей сыңай танытып.

Маңғыстаудан келетін ақ тастардың біреуіне ұялы телефон нөмірі жазылған. Тапсырыс беру үшін қалдырған ғой түсіндік. Анық-қанығын білу үшін көрсетілген нөмірге хабарласып, тапсырыс бергіміз келетінін айттық.
-Ол тастың бір бөлігі 70 мың теңге тұрады. Мысалы шағын бейіт тұрғызсаңыз оған 6-7 блок кетеді. Оны сіздер сала алмайсыздар. Салатын адам тіпті Оралда жоқ. Ақтаудан балдыздарым келеді, солар салып береді.Жұмысының өзі миллион жарымға шығады. Ал барлық соммасы қанша болатынын білмеймін, салатын Ербол, Азаматтың телефон нөмірін уатсабыңызға жіберейін, солармен хабарласып біліңіз,- деді қоңырауға жауап берген Мерген есімді азамат.
-Егер келісіп жатсаңыздар олар тастарды фурамен Бейнеуден тиеп келеді. Айналысатын балдызым. Олардың өздеріне тікелей ешкім хабарласа алмайды. Мен арқылы ғана шығады, — деген ол өзінің бөлек жұмысшы тобы бар екенін айтты.


-Біз бейітті Ресейден, Украйнадан келген кірпіштен тұрғызамыз. Фундамент құю 70 мың теңге, кірпішін қалау 140 мың теңге. Тағы да басқа алатындарыңыз бар ғой. Солардың барлығын есептеген де – 300 мың теңгеден асып кетеді, — деп түсіндірген ол ақ тастан бейіт салатындардың телефон нөмірлерін жібермеді.
Бейіт тұрғызатын тек бұлар ғана емес. Жекелеген адамдар да жеткілікті. Өзін Асылбекпін деп таныстырған азамат осы «кәсіппен» айналысып жүргеніне біраз жыл болғанын, өзінің жұмысшылары барын айтады.
-Мен фундаментке 70 мың, кірпішін қалауға 130 мың алам. Бұл – ең төменгі баға. Баға – сіз алатын тасқа байланысты. Мысалы, қазір тастың ең арзаны 130 теңге болса, қымбаты 207 теңге. Қазір мынадай 350 мың теңгенің бейітін салып жатырмын, — деді ол қолындағы неше түрлі бейіттердің суреті бар кішкентай фотоальбомын ашып көрсетіп.

-Егер осындай бейітке тапсырыс берсеңіз, іргетасын 70 мыңға, кірпішін 130 мыңға қалам берем. Ай, қалпағы, жандарын істету 65 мың теңге болады. Ескерткіштің өзі 48 мың теңге тұрады. Бейіттің айналасына брюшатка да төсейміз. Жұмысы 40 мың теңге, — деді Асылбек тәптіштеп түсіндіріп.
Бейіт салудың шариғаттағы шарты қандай? Марқұмдарды мәрмәр (мрамор) таспен «бастырып» қою қаншалықты дұрыс? Осы сауалымызға Облыстық орталық мешіті бас имамның орынбасары, наиб имам Мейрамбек Абдрахманов жауап берді. Ол қымбат тастардан бейіт тұрғызу мүлдем дұрыс еместігін, зират басындағы іске араласа алмайтындарын айтады.
Өйткені әр жердің иесі бар ғой. Оған біз араласа алмаймыз. Мешіт қызметкерлерінің міндеті қайтқан адамды мұсылман шартымен ақтық сапарға шығарып салу ғана. Жалпы, біздің дінімізде, дәстүрімізде адам о дүниелік болғанда тек құлпытасын қойып, аты-жөнін, тегін жазып қояды. Бұл – ата-бабамыздан келе жатырған нәрсе. Оған әлі күнге дейін тұрған бабаларымыздың бейіті дәлел бола алады. Ал енді қазіргі таңда марқұмның бейітін биік қып тұрғызу, садақаларын той секілді атқару шариғат шеңберінен шығу, ысырапшылдыққа жол беру болып есептеледі. «Ана адамдар бейітті мынадай тастан қойған, біз неге олардан қалуымыз керек, мрамордан саламыз» деп бір-бірімен бәсекелеседі. Ол марқұмға ешқандай пайда бермейді, керісінше ысырап болады. Тірісінде көрсетілмеген құрметті өлген соң көрсеткеннен не пайда? Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда мынадай жағдай болған: Бір жас жігіт қайтыс болған ғой, ата-анасы, туыстары марқұм айфонды жақсы көретін еді деп, құлпытасын айфонға ұқсатып қойған. Әрине, біз марқұмдарды сыйлаймыз, құрметтейміз, артынан құран бағыштап, садақаларын береміз. Бірақ әр нәрсе өз орнымен болуы тиіс, — деген наиб имам бейітке сурет қою орыстардан сіңген нәрсе дейді.


— Құдай жоқ деген Совет Одағы кезінде бізге орыстардың бейітке сурет қою нәрсесін сіңіре бастады. Ол дінімізде де, дәстүрімізде де жоқ. Яғни сурет қою шариғатта міндетті емес. Өзге дін өкілдері біздің зираттарды көргенде «Қазақтардың зираты қалаға ұқсайды, ислам дінін ұстанса да аямай шашылады, неге бұлай тұрғызады екен?» деп күлетін көрінеді. Біз жүрген жерімізде халыққа ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін үнемі айтамыз, бірақ құлақ асып жатқан адамдар аз, — деп сөзін түйіндеді Мейрамбек Абдрахманов.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
