Оралдық белсенді қалалық әкімдікті сотқа берді
Белсенді Бауыржан Әліпқалиев бейбіт митинг өткізуге бірнеше рет рұқсат бермегені үшін қалалық әкімдікті сотқа беруге шешім қабылдады. Сотқа беру арқылы ол бейбіт жиналыс өткізу құқығын заң шеңберінде қорғамақшы.
– Біз әкімдікке митинг өткізуге бірнеше рет хабарлама жібердік. Ешқайсысын мақұлдамады. Рұқсат бермеу үшін олар жоқ заңды ойлап тауып, өздерінің міндеттерін асыра сілтеп отыр. Негізі хабарламамен әкімнің өзі танысып, шешім қабылдау керек. Ал біздің өтінішке қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Азамат Ғиниятов рұқсат бермей отыр. Бұл жерде заң бұзылуда. Өз атымнан қалалық әкімдікті сотқа бердім, бірақ әлі жауап келген жоқ. Сот қашан болатыны белгісіз,- деді Бауыржан Әліпқалиев.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының БҚО филиалы директоры, құқық қорғаушы Павел Кочетков «әкімдік бейбіт жиналыстарды өткізбеудін амалын жасап отыр» дейді.
– Алипкалиевтың митинг өткізуге тапсырған өтінішіне жай ғана ішкі саясат бөлімінің міндетін атқарушы маман жауап берген. Бұл заң бұзушылық болып саналады. Қазақстан Республикасының «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заңнамасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар бейбіт митинг өткізу туралы өтінішті мақұлдайды немесе қанағаттандырмайды. Олар еліміздің бас санитар дәрігердің №57 қаулысының 33 тармағына сүйеніп, митинг өткізуге рұқсат беруден бас тартып отыр. Мен бұл қаулымен толықтай танысып шықтым, ол қаулыда митинг өткізуге тиым салынатын еш себеп жоқ, – деді Павел Кочетков «Орал апталығына» берген сұхбатында.
Ол соттың шешімі қалалық әкімдіктің пайдасына шешілетініне 90 пайызға сенімді екенін айтып отыр.
– Әзірге сот нәтижесін болжау қиын. Бірақ та, өзімнің жеке тәжірибемнен айтатын болсам, мемлекетке қарсы немесе жергілікті атқарушы органдармен соттасу өте қиын. Құзырлы орган өтінішті қабылдамау үшін барлығын істейді. Тіпті қабылдап, арызды сотқа жіберген күннің өзін де сот өтінішті қанағаттандырмау үшін бір нәрсе ойлап табады. Соттың әкімдікті қолдайтыны сөзсіз, – дейді ол.
Айта кетейік, Орал белсенділері бейбіт митинг өткізуге осыған дейін үш мәрте өтініш тапсырған. Қалалық ішкі саясат бөлімі әр түрлі себептерге байланысты бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермеді.
Серік ЕСЕНОВ