«Көпшілік іс-шаралар өткізу тоқтатылмаса, қаланы жартылай жабуға мәжбүр боламыз»
БҚО әкімі Ғали Есқалиев індетке қарсы облыстық жедел штаб отырысында осылай деді. Ол Шығыс Қазақстан облысындағы жағдайды мысалға ала отырып, көпшіліктің қатысуымен өтетін той-томалықтар тоқтатылмай, індет жұқтырғандар саны көбейетін болса, қатаң карантиндік режим орнатылатынын айтты.

— Шығыс Қазақстан облысында не болып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар, күніне 200-250-ге дейін індет тіркеліп отыр. Қала қазір толығымен жабылды. Көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралар тыйылмаса, біз де қаланы жартылай жабуға мәжбүр боламыз. Тұрғындар аймақтарға, Ресейге шыға алмай қалады. Ол экономикамызға кері әсерін тигізетінін өздеріңіз жақсы білесіздер, — деді Ғали Есқалиев.
Сосын ол БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының бастығы Сәкен Нұртазиевтен мобильді қосымшалар жөнінде сұрады.
— Мен жаңа ғана республикамен сөйлестім, олар «Saqbol» және «Zertteu» екі мобильді қосымшаны ұсынып отыр. Барлығына екі қосымшаны орнатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Тұрғындар «Saqbol» немесе «Zertteu» қосымшаларының біреуін орнатуы керек. Сондай-ақ «Smart Uralsk» қосымшасы да бар. Тұрғындар мен қатар СЭС қызметкерлері, денсаулық сақтау басқармасы да бұл қосымшаны міндетті түрде жүктеп алуы керек. Барлық функционалдық мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Осы аптаның ішінде шешеміз, — деп жауап берді Сәкен Нұртазиев.
Бұдан кейін БҚО тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев облысымызда эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз екенін, тұрғындардың көшеде бетперде тақпауы, ара-қашықтық сақтамауы, көпшілік жерлерге баруы тыйылмай тұрғанын, соңғы тәулікте 71 адам індет жұқтырғанын жеткізді.
-Оның 34-і ауруханаға тексерілуге барғанда анықталса, 17-сі қарым-қатынаста болғандар, 12-сі профилактикалық алдын алу барысында анықталып отыр. Және біздің шекара арқылы өтпек болған Түркістан облысының үш азаматынан вирус шықты, — деген облысымыздың бас санитар дәрігері ауру зейнеткерлер арасында күшейіп тұрғанын айтты.

-Қазіргі таңда 29 зейнеткер (40,8%) вирус жұқтырды. Сондай ақ 14 жұмысшыдан, (19,7% ) 10 жұмыссыздан, (14,1%) жеті медицина қызметкерінен, (9,9%), жеті мектеп оқушысынан (9,9%), үш мектеп мұғалімінен (4,2%) және Қаратөбе ауданындағы балабақшадан бір баладан (1,4% ) коронавирус анықталды. Кеше тағы 13 оқиға тіркелді, — деді Мұхамғали Арыспаев.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ
