БҚО тұрғыны жалған арақ сатқаны үшін сотталды
Ер адам қаланың түрлі сауда нүктелерінде жалған есепке алу-бақылау таңбалары бар арақ сатқан.

БҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, облыста жалған есепке алу-бақылау таңбалары бар алкогольді сату фактісі бойынша қылмыстық іс тергелді.
— БҚО тұрғыны ЖШС сауда агенті болып жұмыс істеді, оның міндетіне алкоголь өнімдерін жеткізушілермен келіссөздер жүргізу және белсенді сатып алушыларды іздеу кірді. Осы жылдың ақпан айының ортасында ол 4299 бөтелке, жалған есепке алу және бақылау маркалары бар түрлі алкоголь өнімдерін сатып алды. Бұл ретте ол Орал қаласының түрлі сауда орындарында алкоголь өнімдерін сатты, осылайша «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңның, Акциздік және (немесе) есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалануға жататын акцизделетін тауарлардың Акциздік және (немесе) есепке алу-бақылау таңбаларынсыз, сондай — ақ белгіленбеген үлгідегі және (немесе) сәйкестендіруге келмейтін таңбалары бар айналымына тыйым салатын ҚР Салық кодексінің талаптарын бұзды, — деп хабарлады БҚО бойынша ЭТД.
Орал қалалық сотының үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
