«Банкрот болдық»

Оралдық бір топ кәсіпкер тұралап қалған кәсіптерінің салдарынан несиелерін төлей алмай отырғандарын айтып шағынды. «Сегіз айдан бері тойхана-мейрамханамыз қаңырап бос тұр» деген олар әкімдіктен 30-50 адамға дейін қабылдауға рұқсат берулерін және жұмыстарының уақытын түнгі он бір, он екіге дейін созуды сұрайды.

«Карат» тойханасына жиналған кәсіп иелері базыналарын бірден осылай бастап, қатты зардап шегіп отырғандарын жеткізді.

– Біздің жұмысымызға шектеу қойғаннан бері жағдайымыз қиындап кетті. Ешқандай табыссыз отырмыз. Көмек сұрап, проблемамызды айтып тиісті мекемелердің есігін қақтық. Барлығынан еститініміз «сәл шыдаңдар» деген ғана шығарып салма жауап. Жұмысымызды тоқтатқаннан кейін кішкене болса да қолдау көрсету керек қой. Ол да жоқ. Бір бүйірімізден несие қысып бара жатыр. Үстіне пайыз қосылуда. Оның үстіне тойхана-мейрамхананың коммуналдық қызметін төлеуіміз керек. Ешқандай табыс түспесе, оны қалай төлейміз? Біздің бір түсінбейтініміз, тойхана-мейрамханалардың жұмыс істеуіне рұқсат бермейді да, ал, монша, сауна, сауда үйлері, базарларға рұқсат етеді. Бұл қалай сонда? Маршруттың ішінде сығылысқан бір адам. Неге соларды тексермейді, неге солардың жұмыстарына шектеу қоймайды? Ең болмаса бізге 30-50 адамға дейін қабылдауға рұқсат берсе жақсы болар еді. Банкрот болудың азақ алдындамыз. Егер біздің талап-тілегімізге әкімдіктегілер құлақ аспаса, жоғарыға дейін шағымданамыз. Басқа амалымыз қалмады, – дейді кәсіпкер Еркін Рақышев.

10 жылдан бері кәсіппен айналысып келе жатырған ол тойхананы жалға алып отырғанын, оның ақысын төлеу күннен күнге қиындап бара жатқанын айтады.

– Тойхананы жалға алғаным үшін айына 700 мың теңге төлеймін. Сенің қиын жағдайда отырғаның жалаға берушіге соқпайды. «Қайдан тапсаң онан тап, аренданың ақшасын төле» дейді, болды. Ал, жұмысың тоқтап тұрса, кіріс кірмесе 700 мыңды мен қалай төлеймін, ойлаңызшы? Бұл – бір. Екіншіден, қол астымдағы қызметкерлерге еңбек ақы төлеуім керек. Сенсеңіз, карантин басталмай тұрып аспаз, даяшы басқа да қызметкерлерді қосқанда барлығы 20 шақты адам болған еді. Қазір екі-ақ адам қалды. Көбі жұмыстан шығып кетті. Олардың жұмыстан кетуіне еңбек ақыларын төлей алмауым себеп. Мысалы, қазір тек кешкі тоғызға дейін жұмыс істеуге рұқсат қой, күніне тек төрт-бес адам ғана келеді. Солардан түскен ақшаны қалған қызметкерлерге беремін. Соларды ұстап тұруым керек қой енді, – деген Еркін Рақышев наурыз айында той өткізгені үшін бес тәулікке қамалғанын айтады.

– 15 наурызда бізге жұмыс істеуге шектеу қойылған соң қала әкіміне барып «Карантин уақытында 30-50 адамды қабылдап, жұмыс істеуге бола ма?» деп сұраған едік. Ол жерде СЭС-тің да адамды болды. Сонда әкім «50 адамға дейін той өткізуге болады, одан артыққа рұқсат жоқ» деген болатын. Содан сол наурыз айының аяғында мен 50 адамға той жасап жатқанда мониторинг топ өкілдері келді. «Карантин талаптарына бағынбадың, құқық бұздың» деп мені бес тәулікке қамап тастады. Содан жеті ай бойы ештеңе өткізген жоқпын, -дейді.

Ол кәсіпкерлер жан бағу үшін амалсыздан карантин талаптарын бұзуға мәжбүр болатынын алға тартады.

– Біздердің карантин талаптарын бұзуымызға әкімдіктегілердің өздері кінәлі. Ойлаңызшы, пәленбай ай көк тиынсыз отыруды кім қалайды. Әрине, ешкім. Күн көру керек болған соң карантинге қарамай той өткізуге тура келеді. Қайткен күнде де нан тауып жеуіміз керек қой енді. Бізсіз де коттедждерге тығылып той жасап жатыр ғой. Бізге 300 мыңдап айыппұл төлету арқылы пайда көру ма, түсінбедім?! «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына да көмек сұрап бардым. Банк ай сайынғы төлейтін несиемнің кестесін (графигін) созып, төлей алатындай жағдайға келтірсінші деп айттым. «Банкке барыңыз» дегеннен басқа түк айтпайды. Ал банкке барсаң біреуі «анда барыңыз» дейді, енді біреуі «мында барыңыз» деп адамды әрлі-берлі жүгіртіп қояды. Кеше барғанымда банктегі бір қызметкер «аға, сіз бекерге шаппай-ақ қойыңыз, бәрібір ешкім шешпейді» деді. Жалпы менің әкімдіктің тағы да басқа мекемелердің жұмысына мүлдем көңілім толмайды, біз қиналғанда жағдайымызды ойлап жатқан бір адам жоқ. Істеген жақсылығымды бұлдағаным емес, бірақ кезінде әкімдіктегілердің өздері бір тиын шығаруға жарамай «Жетімдерге, қарияларға» дастархан жайшы деп хабарласқанда сөзге келгем жоқ. Қолымнан келгенше көмектестім. Ал қазір әкімдік тарапынан құрттай болса да көмек жоқ. Баққандары бізге жұмыс істетпеу, айппұл салу қала берді бірнеше тәлікке түрмеге қамату. Кейде осының бәрінен түңілген кезде елден кетіп қалғым келеді, – деп налиды Еркін Рақышев.

– Әкімдіктегілер аннан-мыннан сығалып, мейрамхананы күнде қарайды. Көріп қалып жатқанда «Айналайындар, көріп тұрсындар ғой, ештеңе өтіп жатқан жоқ. Көк тиынсыз отырғанда пәленбай мың айыппұл төлеп жынды дейсіңдер ме?» деп талай айттым. Жоқ тыңдамайды. Өте мәдениетсіз, тек қасқырша шабуға дайын тұрады. Жанұямызды асырап отырған жалғыз мейрамхана еді, оның да жұмысын тоқтатып тастап тіпті қиын болды. Ай сайын 380 мың теңге несие төлеймін. Біздің сұрайтынымыз 50 адам қабылдауға рұқсат берсе екен дейміз», – дейді ренішін білдірген кәсіпкер Толқын Еркінғалиева

Нұргүл есімді кәсіпкер «жұмыс істеуге рұқсат берсе, кішкене болса да кіріс кірер еді. Ауа мен қоректенбейміз ғой енді. Бір үстелге төрт адамнан отырғызып, барлық санитарлық талапты сақтаймыз ғой. Қит етсе, «басқа салаға барып жұмыс істеңдер» дейді. Қазір кез келген жерде қысқарту, жұмыс таппай жүрген бір адам. Сонад қайда барамыз? Біздің саламыз бойынша жұмыс жоқ қой. Қалай өмір сүретінімізді білмейміз, – дейді.

Кәсіпкерлер жанайқайын жеткізіп отырғанда «Қала әкімдігіненбіз» деп үш адам кіріп келді. Келген бойда «Администратор кім мында?» деді отырғандарға қарап.

-Администратор жоқ – деді кәсіпкерлердің біреуі.

-Мейрамхананың алдынан машина көрсе болды осылай шауып келеді,- деп тағы бір кәсіпкер сөзбен түйреп өтті. Сосын келгендеріңіз тіпті жақсы болды, отырыңыздар, сіздерге сұрақтарымыз бар, – деді.

– Осында банкет өтіп жатыр деп біреу хабарласты. Сондықтан келіп тұрмыз», – деді Аслан Жармұханов өзінің қызметтік куәлігін көрсетіп жатып. Сосын: «Ештеңе өтіп жатпағанына көзіміз жетті, енді әрі қарай жүреміз. Коттеджді тексеруіміз керек» деп кетуге оқталып жатқанда:

-Біздерді тыңдамайсыз ба? – деді кәсіп иелері.

-Қандай сұрақ сіздерде? – еді жауап бергісі келмегендей сыңай танытқан әкімдік өкілі.

-Біз бірнеше айдан бері жұмыссыз отырмыз. Жағдайымызды ойлайтын, проблемамызды шешетін, сіз сияқты шауып жүретін әкімдікте адам бар ма? – деп сұрады Еркін Рақышев.

Оның бұл сауалына Аслан Жармұханов «Әкімнің атына хат жолдаңыздар немесе келіңіздер, – деп қысқа қайырды.

– Санитарлық талаптарды сақтап 30 адамға дейін банкет-той өткізссек бола ма? – деп сұрады тағы бір кәсіпкер.

-Жоқ болмайды – деп үзілді-кесілді жауап берген ол «Мен айтатынымды айттым. Енді кеттім. Сау болыңыздар!» деп сыртқы есікке қарай беттеді.

-80-дегі ақ жаулықты әжейдің жалынғанына қарамастан өткенде осы Аслан Жармұханов тойханадан қуып шыққан болатын. Бұлар үлкенді сыйлау дегенді білмейді, – деді Еркін Рақышев.

-«Қазан айы – қайырымдылық айы. Көмектеріңізді беріңіздер» деп өткенде бізден әкімдік ақша сұрады. Өздері жұмыс істеуге рұқсат бермейді, енді келіп ақша сұрайды, – деген кәсіпкерлер жақында облыс әкіміне кіру үшін бес сағат табалдырығында күттік дейді.

-Әкімге жолығу үшін бес кәсіпкер ғана барған едік. Құдды жау келгендей жан-жағымызда полиция қызметкерлері қоршап тұрды. Оның өзін де облыс әкімінің өзіне кіре алмадық. Орынбасары бес сағаттан кейін ғана қабылдады. Бірақ ештеңе шешілмеді, – деген кәсіпкерлер бір өзгеріс болса екен деген үмітпен тарқасты.

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ

Сурет Артем БУКРЕЕВ

Помогите нам рассказывать правду

Наши журналисты не боятся добывать правду, чтобы показывать ее вам. В стране, где власти постоянно хотят что-то запретить, в том числе - запретить говорить правду, должны быть издания, которые продолжают заниматься настоящей журналистикой.

Мы хотим зависеть только от вас — тех, кто хочет знать правду, тех, кто не боится быть свободным. Помогите нам рассказать вам правду.

Пожалуйста, поддержите нас своим вкладом в независимую журналистику!

Это просто сделать.

Можете нас поддержать через KASPI GOLD, отправив свою сумму на номер 8 777 761 02 61

x
2024-11-09
Утром-2.34 ℃
Днем1.21 ℃
Вечером1.26 ℃
Ночью1.87 ℃
Влажность97 %
ДавлениеhPa 1027
Скорость ветра8.47 м/с
2024-11-10
Утром1.6 ℃
Днем2.83 ℃
Вечером3.41 ℃
Ночью2.4 ℃
Влажность94 %
ДавлениеhPa 1019
Скорость ветра8.09 м/с