БҚО-да полиция қызметкері қызметтік пәтерді жекешелендіріп алды
БҚО Жаңақала ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Ербол Әлімбекеров қызметтік үйді жекешелендіріп алған. Бұл ауданда екі жыл жұмыс істеген ол бүгінде Сырым ауданы полиция бөлімінің бастығы қызметіне ауысып кетіпті.

–2017 жылы осындай айқай-шу болып аудан әкімінің орынбасары Дархан Закарин қызметінен кеткен болатын. Үйлерді заңсыз берген сол кездегі комиссия төрайымы болған Жанат Басирова, ЖКХ басшылары мен аудандық қаржы бөлімінің басшысы Асылбек Төлешовтың істері облыстық тәртіптік кеңесте қаралып, ескерту алған еді. Енді қайтадан ретке келеді деп жүргенде тағы осындай шу шығып отыр. Науырызбай әкім өзі коммисияның төрағасы болып Ербол Әлімбекеровке үй алып беріп отыр. Үйді жекешелендіріп алғаннан кейін ол үйді ертең сатып жібере алады ғой. Оның үстіне өзі Сырым ауданының бас полицейі болып кетіп қалған. Салынған үйлерді әкім өзінің қалаған адамдарына беріп отыр. Үй кезегі жылжымайды. Жаңақалада пәленбай жыл жұмыс істесе де қызметтік үйге қолы жетпей жүрген жергілікті тұрғындар көп, – дейді бұған қатысты пікір білдірген Жаңақала ауданының тұрғыны, блогер Айболат Бөкенов.
Мәселенің мән-жайын білу үшін Жаңақала ауданының әкімі Науырызбай Қарағойжиннің ұялы телефонына хабарласқан едік, қоңырауға жауап берген әкім бір ауылда іссапармен жүргенін айтып, сұраққа жауап бермей телефонды жауып тастады. Ал сол ауданның тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобил жолдары бөліміне қанша хабарлассақта тұтқаны ешкім көтермеді.
Айта кетейік, Жаңақала ауданының тұрғыны Ғани Ғұмаров өзінің фейсбук парақшасында «Жаңақала ауданының әкімі Науырызбай Қарағойшин мемлекеттік мекемелердің басшыларына жалдамалы тұрғын үйді жекешелендіруге неге жол береді, бұл кезде көптеген көпбалалы отбасылар сияқты мүгедектер де баспана кезегінде тұру үшін ондаған жылдар бойы кезек күтуде. Мемлекеттік органдардың басшылары үй алса, оны жекешелендіреді. Осылайша бір шенеунік бірнеше үйді жекешелендіріп, сатқан фактілер бар. Құжаттар ұқыпты жасалады. Бұл –қазірдің өзінде бизнеске айналды. Аудан прокуроры трансмиссиялық сілтеме тәрізді, тексереді, сосын расталмады дейді. Ешқандай реакция жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандардың, көп балалы отбасылардың және басқалардың құқықтары қорғалмайды. Аудан әкімі ойына келгенін істеп отыр», – деп орын алып отырған әділетсіздікті ашына жазған болатын.
Есенжол ЕЛЕКЕНОВ